Банктер жобаға кезең-кезеңмен қосылады
Қазақстан Ұлттық банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірыңғай QR-кодпен жасалған алғашқы транзакция Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлері конгресінде таныстырылды. Оған екінші деңгейлі екі банк қатысқан.
«Банкаралық QR-кодты енгізгеннен кейін кәсіпкерлер әртүрлі банктердің терминалдарын орнатып жүрмейді. Осылайша терминалдарға кететін ақшаны үнемдейді. Ал қарапайым халық бірыңғай QR-кодпен елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасай алады», - деп түсіндірді Ұлттық банк.
Ал екінші деңгейлі банктер банкаралық транзакцияларды өңдеу құнын төмендету есебінен шығындарын оңтайландырып, клиенттер үшін төлем қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Банкаралық QR төлем жүйесіне банктер кезең-кезеңмен қосылады. Осылайша Ұлттық банк жобаны 2025 жылы кеңейтіп, барлық банкке ортақ QR-кодты толығымен енгізуді жоспарлап отыр.