АЭС бойынша өңірлерде түсіндіру жұмыстары жалғасады – Сәтқалиев

Автор: Нұргүл Абай

Референдум алтыншы қазанда өтеді

Фото: primeminister.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясына қатысты түсіндіру жұмыстары өңірлерде жалғасын табатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жалпыұлттық референдум өтетіні туралы президент жарлығына қол қойылады. Содан кейін Конституциялық заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы референдумды өткізу жоспарын әзірлейді. Біз қазір өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыру бойынша үлкен қызығушылық барын байқап отырмыз. Парламент депутаттары да белсене іске кірісті, соның ішінде сайлаушылармен, қауымдастықтармен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен тиісті тематикалық кездесулер өткізеді деп ойлаймын», - деді Сәтқалиев парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында АЭС туралы референдумның датасын жариялады. Халық 6 қазан күні дауыс береді.