Адамның кірісіне қарай, жеке табыс салығы әртарапты болуы керек – Тоқаевтың жолдауынан

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ретте президент салық берешегін талап еткенде адамды мәжбүрлемеу, жазаламау маңызды екенін алға тартты

Фото: © istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауын экономикалық мәселелерден бастады. Соның ішінде елдегі салық жүйесінің артық-кем тұстарына тоқталған ол үкіметке жаңа салық кодексін асықпай аяқтау керек деген тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент атап өткендей, Қазақстанда жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Яғни, бұл салықты әртараптандыру керек: табыс салығы бір мөлшерде емес, адамның кірісіне қарай әртараптануы керек.

«Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды екенін атап өтті.

«Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын. Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек», - деді Тоқаев.