62 маршруттың тарифі өсті
Көлік министрлігі биыл 1 қазаннан бастап пойыз билеттерінің бағасы 20 пайызға өсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, елімізде 140 жолаушылар бағыты бар, соның 62-сінде тариф өседі.
«Бұл вагон паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтер сервисін жақсарту және жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін қажет. Сондай-ақ, соңғы он жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша билет бағасы көтерілмегенін ескерген жөн», - дейді ведомстводағылар.
Жолаушылар вагондары паркі 2 667 бірлікті құрайды, олардың тозу көрсеткіші – 44%. Вагондарды жекеменшік те, ұлттық тасымалдаушылар да жаңартып жатыр.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша пойыз билеттерінің қымбаттауы «Теміржол көлігі туралы» заңның 12-бабына сәйкес жүзеге аспақ.