Қызылордада күріш егетіндер субсидиясыз қалуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Шаруалар кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрайды

Қазақсанда күріштің әр тоннасына берілетін субсидия биыл мүлдем төленбеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жағдайда диқандар шамамен 1 млрд 400 мың теңгеден қағылады.

«Күздік күріштен алатын субсидиямызды биылдан бастап бермейді деген хабар келіп жатыр. Соған байланысты кәсіпкерлік палатасы көптеген кәсіпкерлерге осы мәселені шешіп берсе, оның өзі үлкен көмек деп есептейміз», - дейді күріш өндіруші кәсіпорын өкіл Азамат Жалғасұлы.

Сондай ақ, шаруалар доллар бағамы өскен соң, техника мен қосалқы бөлшектер де қымбаттап кеткенін айтады.

«Комбайн техникаларымыз бұрын құны 115-120 млн теңге тұратын болса, қазіргі таңда олар 180 млн теңгеге дейін өсіп кетті. Сондықтан инвест субсидияны қайтадан қарастырса деген өтінішіміз бар. Әзірге осы техникаларды, субсидияларды ескі бағамен алып жатырмыз»,- дейді жергілікті серіктестік директоры Мағжан Ералиев.

Күріш егетін диқандар мәселесімен кәсіпкерлер палатасы айналысып жатыр. 30 маусымға дейін ЕАЭО-тан өзге елдерге бірқатар азық-түлікті шығаруға тыйым салынған. Ол тізімде күріш те бар болатын.

«Біздің күрішшілер, жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлеріміз ұзақ мерзімді келісім шарттарға отырып қойған күзге дейін. Яғни, олардың өздерінің шетелдік міндеттемелері бар. Сосын біздің ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлердің табысының басым көпшілігі экспорттан түседі. Бұл мәселені біз орталық аппаратқа жеткіздік. Сөйтіп, орталық аппарат тиісті шаралар қабылдап, тиісті министрлікке жеткізді. Сөйтіп, бұл мәселе оң шешімін тапты. Яғни, біздің күрішке қазіргі таңда ешқандай шектеу жоқ. Кедергісіз экспортқа шығарылады»,- дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылыков.

Биыл күріш өндірушілер үшін қосымша құн салығы 12%-тен 8%-ке төмендетілген. Егін маусымында өңірге 7.5 млрд текше метр су қажет. Қазір Шардара мен Көксарайды қосқанда қор 6.5 млрд текше метр шамасында. Облыс бойынша 183 мың гектарға дән себілмек. Ал ақмаржанның ауқымы 88 мың гектарды құрайды. Бұл былтырғы көлеммен бірдей.