«Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын
«AMANAT» партиясының делегациясы Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды және онда ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы кедейлікті азайту орталығының жұмыс тәжірибесін зерттеді. Орталық өзінің инновациялық тәсілдерімен және осы саладағы маңызды жетістіктерімен танымал. Делегация құрамында «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшылары да болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қытайдағы кедейлікті азайту орталығы халықтың аз қамтылған топтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегияларды әзірлеу мен енгізуде көшбасшы болып саналады. Бұл орталық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысады, білім беру бағдарламаларын ұйымдастырады және миллиондаған адамдарға өмір сүру жағдайларын жақсартуға көмектескен практикалық бастамаларды жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда Қытайдағы барлық кәсіпорындардың 80%-дан астамы жеке меншікте, олар жұмыс орындарының елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл үлкен әлеуметтік жіктелуге, халық табысындағы үлкен алшақтыққа әкелуде.
«2016 жылы ҚХР Мемлекеттік кеңесі «Кедейлікті жою бағдарламасын» жариялады. Сол жылы Alibaba 20 мыңнан астам Taobao ауылдық қызмет көрсету орталықтарын ашты. Мұндай орталықтарда тұрғындар электронды сауда алаңында жұмыс істеуді, өз өнімін сату үшін интернет-дүкен ашуды үйренді. 2017 жылдың өзінде елде 9 миллионнан астам ауылдық онлайн-дүкендер пайда болды, 28 миллион жаңа жұмыс орны ашылды», - дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының авторы, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Осылайша, кедей аудандардағы инфрақұрылым да едәуір жақсарған: 1,1 миллион шақырым жол қайта жаңартылды, 35 мың шақырым теміржол салынды, сумен жабдықтаудың жалпы көлемі 18,1 миллиард текше метрге өскен. Инфрақұрылымды дамыту миллиондаған адамдарды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік берді.
Қытайдағы кедейлікпен күресудің ең маңызды ерекшелігі – нақтылық пен атаулы сипаты. Кедейлерге көмек көрсету және кедейлікті жою мақсаттарын жүзеге асыруға ақпараттық қолдау көрсету үшін кедейлікке қарсы мемлекеттік ақпараттық платформа құрылған.
Соңғы 10 жылда Қытайда кедейлікке қарсы әлеуметтік бағдарламаларға 246 миллиард доллар инвестицияланды. Жылдар бойғы күш-жігерден кейін 2020 жылы кедейлік шегінен төмен тұрған 100 миллион қытайлық ауыл тұрғындарының барлығы кедейліктен арылды, ал 832 уезд бен 128 мың ауыл кедейлер тізімінен шықты.
Айта кетейік, Кедейлікті азайту орталығынан алынған білім мен тәжірибе «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында кедейлікпен күресудің жаңа тиімді әдістерін енгізуге көмектеседі.
«Бұл біз үшін бұрын-соңды болмаған тәжірибе болды және оның кейбір элементтерін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында енгізуге тырысамыз. Біз тек қаржылық сауаттылықпен ғана шектеліп қоймай, ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы дақылдарын дұрыс өсіруді үйрете бастаймыз, оларға тауарлық несиелер беріп, мамандардың сүйемелдеуін қамтамасыз етеміз. «Ауылда жасалған» тұтыну кооперативінің қызметі арқылы жеке шаруа қожалықтарын біріктіреміз», - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.
Сонымен бірге, іссапарда қазақстандық делегация Қытай халықаралық кедейлікті азайту орталығы директорының орынбасары Ли Синь ханыммен, ҚКП ОК Халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ли Минсянмен, Сун Цинлин атындағы жастардың ғылыми-техникалық және мәдени алмасу орталығының басшысы Го Синьбаомен кездесті.
Одан бөлек, партия өкілдері Циндао қаласы Лаошань ауданындағы жаңа ауылшаруашылық демонстрациялық аймағына барды және жергілікті деңгейде партиялық жұмыс құру тәжірибесін зерделеді.
Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылды және бүгінгі күнге дейін 150 мыңнан астам адам жаңа білім алды.
«Қарызсыз қоғам» жобасына демеушілік көрсететін банктер саны артып келеді. Атап айтқанда, Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды.
Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.