Алматы облысында бірқатар салаларда айтарлықтай өсім бар

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс бірінші жарты жылдықтағы даму көрсеткіштерін жария етті 

Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында биыл бірінші жарты жылдықта әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштер артып, негізгі салаларда оң динамика сақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Әкімдік отырысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңдеу өнеркәсібінде жоспарлы көрсеткіштер 3,6%-ға артығымен орындалғанын атап өтті. Оның ішінде металл бұйымдарының, электр жабдықтарының, қағаз өнімдерінің және жеңіл өнеркәсіптің өндірісінде айтарлықтай өсім бар.

«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысында экономикалық өсім айтарлықтай жақсы көрсеткішке жетті. Барлық негізгі салаларда оң динамика сақталды, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жаңа мектептер салу және автомобиль жолдарын жөндеу жалғасуда, өңірдің инвестициялық әлеуеті артып келеді. Дегенмен алда көптеген міндет тұр. Олардың ішіндегі ең бастысы – экономиканың өсу қарқынын сақтау және өңір халқының өмір сүру сапасын жақсарту», – деп атап өтті облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,2% жетті. Экономикалық өсімдегі негізгі дирайвер өнеркәсіп секторы 884,3 млрд теңге және ауыл шаруашылығы саласы 192,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, байланыс, көлік қызметтері саласына тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың ағымдағы кезеңімен салыстырғанда 21% - ға артқан.

Бұдан бөлек, кәсіпорындармен жағдайды жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүреді. Мысалы, мемлекет қосымша энергетикалық қуат алуға қолдау көрсетіп отыр. Бұл болашақта кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Азия Агро-Фуд зауыты қытайлық компаниялармен өнімді жеткізуде екі ірі келісімшартқа қол қойып, оның өндірістік жүктемесін 50%-дан 75%-ға дейін арттырды. Зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жаңа қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Биылғы жылы өңдеу өнеркәсібінде 205 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылуда. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына өз жеке кәсібін ашуға жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл жоба өңірдегі жаңадан жұмыс орындарын ашып, халыққа әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң серпін беріп отыр.

Жиын барысында облыс басшысы аталған жоба аясындағы несие беруді бордақылау кешендері мен сүт-тауар фермаларының иелеріне де ұсыну қажет екенін атап өтті. Бұл Балқаш ауданындағы бордақылау кешендерінің жүктемесін арттыруға және Талғар, Қонаев қалаларындағы шағын және орта бизнесте салық түсімдерін ұлғайтуға серпін береді.

«2024 жылы бірінші жарты жылдықтағы көрсеткіш бойынша өңірдің құрылыс секторында тұрақты өсім бар. Осы аралықта жұмыс көлемі 14,5%-ға ұлғайып, 110,4 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үйді пайдалануға беруді ұлғайтуда да жақсы жетістіктерге қол жетті. Бірінші жарты жылдықта жыл бойына жоспарланған  900 мыңнан астам 600 мың шаршы метрге тұрғын үй салынды.  Облыстағы әлеуметтік осал топтар үшін 21 миллиард теңгеге 1304 пәтер сатып алу жоспарлануда. Қаражат жергілікті және республикалық бюджеттерден бағытталады», - деді Рустам Исатаев.

Сонымен қатар, облыстағы маңызды бағыттардың бірі ретінде 262,5 км республикалық автожолдарды жөндеу жұмыстарын атауға болады. Бұл салаға қатысты 12 жобаның жалпы құны 32,3 млрд теңгені құрайды.

Әлеуметтік мәселелерді іске асыруда Алматы облысында жұмыс орындарын құруға барынша назар аударылып келеді. Осылайша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында аймақта 24,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жалпы жоспардың 40%-на тең. Еңбек нарығын дамыту Тұжырымдамасы аясында 13,1 мың адам жұмысқа орналасты. Отырыс барысында облыс әкімі атап өткендей, бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік бағытқа бағытталады. Сонымен қатар, жұмысқа орналастыру көрсеткішінің оң болуына байланысты облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алатындардың үлесі азайып отыр.

Отырыста жылыту маусымын дайындау және өткізу мәселесі де қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновтің айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен 8,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Жылумен жабдықтау нысандарына жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Отын сатып алуға тиісті қаражат бағытталып отыр. Өңір халқының көмірге жалпы қажеттілігі 714,3 мың тоннаны құрайды. Бұл үшін өңірлік операторлар мен көмір кен орындары арасында келісімшарттар жасалды.

Нұржан Құдайбергеновтың айтуынша, нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары бойынша биыл барлығы 43 жылу қазандығын жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі көрсеткіш бойынша 13 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталды.  

Сонымен қатар, әкімінің маңызды тапсырмаларының бірі ретінде әлеуметтік бағыттағы объектілерді табиғи газға ауыстыру жұмыстарын атауға болады. Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында осы мақсатта жоспарлы міндеттемелер іске асуда. Биыл жыл соңына дейін 37 білім беру және 3 денсаулық сақтау нысандарын толығымен газға ауыстыру жоспарланып отыр.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуде де оң динамикаға қол жеткізілген. Бұл бағытта 55 сумен жабдықтау жобасын іске асыруға 19,5 млрд теңге бөлінді. Ұлттық жоба шеңберінде 2 қалада және 79 ауылдық елді мекенде желілерді қайта жаңарту жоспарлануда. Нәтижесінде 1428,6 км желі салынып, қайта жаңартылады. Сөйтіп, сумен жабдықтау желілерінің тозуы 47%-ға дейін төмендейді. 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша 100%-ға жету көзделген.

Облыстағы агроөнеркәсіптік кешен оң нәтиже көрсетіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың сөзінше, өңірде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасына түгендеу жүргізілуде. Нәтижесінде 5,6 мың бірлік трактор, 286 комбайн есептен шығарылуы тиіс. Бірінші жартыжылдықта аграршылар 2,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы машиналарын сатып алды. Бірқатар өңірлердегі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, пайдаланылмаған суармалы жерлерді айналымға енгізу бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіліп отыр. Бұл мақсатта "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы аясында 6 аудан мен Қонаев қаласының суару желілерін реконструкциялау жүргізілуде. Бұл жобалар 1,8 мың км каналды қайта құруға және пайдалы әсер ету коэффициентін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда 5 аудан мен Қонаев қаласының суару желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 5 млрд. 980 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, облыста 2 жаңа су қоймасын салу, жаңа ирригациялық желілерді салу, сорғы станциялары мен су ұңғымаларын орнату есебінен 24,7 мың га жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу жоспарланып отыр.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алдына қойылған барлық міндеттерді орындаудың маңызды екенін, бұл үшін барлық күш-жігерді біріктіріп, экономиканың барлық бағыттары бойынша мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін атап өтті. Көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткізу мақсатында жыл соңына дейін барлық салалардағы жұмыстарды уақтылы әрі сапалы іске асыру тапсырылды.

Жанат Ерболған