БЖЗҚ Әзербайжан банкіне салған ақшаны артығымен қайтарып алды
Инвестиция 42,43 млн доллар табыспен жабылды
2019 жылы Әзербайжанның бағалы қағаздарына салынған зейнетақы активтерінің инвестициялары 42,43 млн доллар көлеміндегі қорытынды инвестициялық табыспен жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әзербайжан Халықаралық Банкінің бағалы қағаздарына салынған зейнетақы активтері инвестициясының тарихын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2019 жылы жалпы БЖЗҚ салымшылары үшін оң нәтижемен аяқтады. Соған қарамастан әлеуметтік желілерде осы тақырыптағы талқылау әлі де жалғасып келеді және көбіне БЖЗҚ салымшыларын жаңылыстыратын қате ақпарат беріледі. Осыған байланысты, сөз болып отырған инвестицияға қатысты толық ақпаратты тағы да назарларыңызға ұсынамыз», - деп жазылған хабарламада.
БЖЗҚ хабарлауынша, 2014 жылдың қазан айында Қазақстанның Ұлттық Банкі БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Әзербайжан Халықаралық банкінің (ӘХБ) шамамен 250 млн АҚШ доллары сомасындағы облигацияларына инвестициялаған болатын.
«2016 жылдан бастап Ұлттық Банк ӘХБ облигацияларын мерзімінен бұрын (ішінара немесе толық) өтеу мүмкіндігіне қатысты белсенді жұмыс жүргізді. Алайда Әзербайжан Халықаралық Банкінің қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан, ӘХБ тарапынан міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеу немесе сатып алу орын алмады. Сонымен қатар Ұлттық Банкте де өтеуді мерзімінен бұрын талап ету үшін заңды негіздер болған жоқ. Кейінірек белгілі болғандай, ӘХБ өз міндеттемелерін ерікті түрде қайта құрылымдауға дайындалған екен, ол туралы 2017 жылдың 11 мамырында жарияланды», - делінген хабарламада.
2017 жылдың 23 мамырында Лондондағы шетелдік кредиторлармен болған кездесу кезінде ӘХБ борыштың тиісті түрлері үшін қайта құрылымдау нұсқаларын: аға борыш, реттелген борыш және саудалық қаржыландыруды ұсынды. БЖЗҚ инвестициялары тиесілі аға борыш үшін қайта құрылымдау бойынша мынадай 3 опция ұсынылды:
Бірінші опция. ӘХБ-ның БЖЗҚ алдындағы 250 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі ағымдағы міндеттемелерін Әзербайжан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі 200 млн доллар көлеміндегі берешегі түріне 12 жыл (2029 жылға дейін) айналыс мерзімімен және жылдық 5,125% купондық сыйақы мөлшерлемесімен айырбастау.
Екінші опция. ӘХБ-ның БЖЗҚ алдындағы 250 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі ағымдағы міндеттемелерін Әзербайжан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі 250 млн. доллар көлеміндегі берешегі түріне 15 жыл (2032 жылға дейін) айналыс мерзімімен және жылдық 3,5% купондық сыйақы мөлшерлемесімен айырбастау.
Үшінші опция. ӘХБ-ның БЖЗҚ алдындағы 250 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі ағымдағы міндеттемелерін Әзербайжан Халықаралық Банкінің 250 млн. АҚШ долларындағы жаңа шығарылым облигацияларына 7 жыл (2024 жылға дейін) айналыс мерзімімен және жылдық 3,5% купондық сыйақы мөлшерлемесімен айырбастау.
2017 жылғы 18 шілдеде өткен кредиторлардың жалпы жиналысында ӘХБ-ның сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау жоспары кредиторлардың 93,9% дауысын жинап мақұлданды. Аға борыш міндеттемелері бойынша дауыс беру нәтижелеріне сәйкес бірінші опцияны кредиторлардың 1,7% – ы, екінші опцияны кредиторлардың 50,2% – ы және үшінші опцияны кредиторлардың 48,1% – ы таңдады.
Қайта құрылымдаудың ұсынылған нұсқаларынан опция таңдауды Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп жүзеге асырды. Таңдалған опция тәуекел тұрғысынан неғұрлым оңтайлы болып табылады, өйткені ол ӘХБ міндеттемелерін Әзербайжан Республикасы Үкіметінің ӘХБ-ға қатысты неғұрлым жоғары кредиттік мәртебесі бар егемен борышына номиналды құнын жоғалтпастан айырбастауды көздейді. Бұл ретте міндеттемелері үлкен борышқа жатқызылған шетелдік кредиторлардың көпшілігі қайта құрылымдаудың дәл осы опциясын таңдады.
ӘХБ-ның сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау үдерісі 2017 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталды. ӘХБ-ның осы қайта құрылымдау қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің портфеліне Әзербайжан Республикасының номиналдық құны 258,3 млн. АҚШ долларындағы мемлекеттік бағалы қағаздары алынды. Оның ішінде 09.04.2017 ж. бастап 31.08.2017 ж. дейінгі кезеңде төленбеген купондық сыйақы үшін өтемақы ретінде есептелген 8,3 млн. доллар өтемақы да бар.
Қолайлы нарықтық конъюнктура қалыптасқанын ескере отырып, 2019 жылдың ақпан айынан сәуір айына дейін Ұлттық банк Әзербайжан Республикасы Үкіметінің МБҚ толық көлемде сатуды жүзеге асырды және аталған инвестициядан біржолата шықты.
«Жалпы инвестициялау нәтижесі мынадай: ӘХБ облигацияларын сатып алу сомасы 249,95 млн АҚШ долларын (немесе 45,4 млрд. теңгені) құрады, ал Әзербайжан Үкіметінің облигацияларын сатудан және купондық сыйақы алудан түскен қорытынды сома 292,38 млн. АҚШ долларына (немесе сату күніндегі ағымдағы бағам бойынша 105,77 млрд. теңгеге) тең.
ӘХБ облигацияларын сатып алған сәттен бастап және Әзербайжан МБҚ-рын сату күніне дейін АҚШ долларында алынған барлық сыйақыларды ескере отырып, инвестициялардың жиынтық кірістілігі (IRR) жылына 4,1% (теңгеге шаққанда жылына 24,2%) болды. Ал БЖЗҚ-ның осы инвестиция бойынша алған жалпы инвестициялық табысы 42,43 млн. АҚШ долларын (60,37 млрд.теңге) құрады», - дейді БЖЗҚ өкілдері.