Доллардың құбылуы зейнетақы қорына қалай әсер етті - БЖЗҚ басшылығы брифинг өткізді
Бірінші тоқсанда инвестициялық табыс 661,7 миллиард теңгені құрады
Бір ай бұрын доллар күрт қымбаттағанда салымшылар зейнетақы қорындағы ақша кеміп кеткенін айтып дабыл қаққан еді. Осыған қатысты қор басшылығы бүгінгі өткен брифингте түсініктеме берді. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың сөзінше, салымшылардың алаңдауына еш негіз жоқ. Биыл жылдың бірінші тоқсанында инвестициялық табыс 661,7 миллиард теңгені құрады. Оның сөзінше, сәуірден бері зейнетақы активтері 11,7 трлн теңгені құрап, 8%-ға өскен.
«Зейнетақы жинақтарына есептелетін таза инвестициялық табыс тұрақты түрде өсуде. 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың наурызына дейінгі соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,87% құрады. Ал инфляция 6,4% болды. Осылайша, табыстылық инфляциядан 5,5%-ға асып түсті», - деді басқарма төрағасы.
НАУРЫЗ ЖӘНЕ СӘУІР АЙЛАРЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАБЫС НЕЛІКТЕН КҮРТ ӨЗГЕРДІ?
Наурыз айында доллар күрт қымбаттағанда қор пайдаға кенелген. Өйткені, зейнетақы жинақтары түрлі валюталардағы қаржы құралдарына салынады. Қаражаттың 2/3 бөлігі теңгемен және 1/3 бөлігі шетел валютасымен инвестицияланады. Жалпы, зейнетақы активтері ұзақ мерзімге инвестицияланады. Халықаралық тәжірибеде инвестициялық табыстылық кемінде бір жыл кезеңмен бағаланады. Айтуынша, сондықтан салымшылардың жинағы наурыз және сәуір айларында көбейіп-төмендеуіне алаңдамау керек.
«Өздеріңізге белгілі, наурыз айында АҚШ доллары 381-ден 448 теңгеге дейін қымбаттады. Тиісінше, валюта құралдарына орналастырылған зейнетақы активтерінің құны 541,9 млрд теңгеге өсті. Ал сәуір айының бірінші жартысында, АҚШ долларын бағамы 448 теңгеден 425 теңгеге дейін төмендеді. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтері 179,7 млрд теңгеге төмендеді. Енді сәуір айының екінші жартысында, инвестициялық табыс 63,4 млрд теңгеге қайтадан көбейді», - деп түсіндірді Жанат Құрманов.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАБЫСТЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҰЛТТЫҚ БАНК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
Қазақстанның Ұлттық банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін сенімді басқарушы ретінде Қазақстанда және шетелде түрлі экономиканың секторларына, әртүрлі валютаға, түрлі қаржы құралдарына инвестиция жасайды. Бұл жинақтарының сақталуын және тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін жасалады. Жалпы, 2013 жылдаң бастап осы күнге дейін Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 30%-ды құрап, 3,9 трлн теңгеден асқан. Егер салымшылардың жинағы инфляцияның кесірінен азайып қалса, оны мемлекет өтеп береді.
«Алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені, Заңға сәйкес мемлекет азаматтарға олардың зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына кепілдік береді. Бір сөзбен айтқанда, салымшы зейнетке шыққан кезде, зейнетақы жинақтары азайып қалса, мемлекет оны өтеп береді. Бірақ бұл шара жинақталған инфляция барлық жылдарында алынған табыстан асып кеткен жағдайда ғана жүзеге асырылады», - деді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы