18 миллион теңгеге дейін барады – бір студентті оқыту үшін қанша ақша керек

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Қазақстанда 186 мың оқушы мектеп тәмамдаса, мемлекет оқу орындарына 112 мың грант бөлген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Биыл елімізде 186 мың оқушы мектеп бітірсе, үкіметтің бөлген грант саны – 112 мың. Сондықтан, ақылы оқуға деген сұраныс болатыны анық. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі елдегі бірқатар университеттердің ресми дереккөздеріне сүйене отырып, ақылы жоғарғы білімнің бағасын есептеп көрді.

Қазақстандағы ірі жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1934 жылы 15 қаңтарда негізін қалаған, қазір 180 сала бойынша мамандар дайындайды. Университетте 2024 -2025 жылғы бакалаврдың бір жылғы оқу ақысы 1 100 000-1 700 000 теңге аралығында болады. Сонда, ұлттық университеттегі 4 жылдық оқудың ақысы 4 400 000-6 800 000 теңге.

Нархоз университеті – Алматы қаласында орналасқан жекеменшік оқу орны. Экономика, қаржы, менеджмент пен бизнес, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік басқару және құқық саласында оқытады. Мұндағы бакалавр мен магистратурада оқитындар бір жылда 62-70 кредит алуы тиіс, бір кредиттің бағасы бакалавр үшін – 38 700 теңгеден басталып 23 000 теңгемен аяқталады.

Енді бұл кредит санын ақшаға шақсақ, Нархоздағы бір жылғы оқу ақысы 1 426 000 теңгеден басталып, 2 709 000 теңгеге дейін барады. Сәйкесінше, бұл оқу орнындағы 4 жылдық білімнің құны 5 704 000-10 836 000 теңге аралығында болмақ.

1996 жылы 17 желтоқсанда Алматыда ашылған Сүлеймен Демирел атындағы университет те көпшілік арасында беделі қалыптасқан жекеменшік оқу ордасы. SDU University бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде 4 факультте бірқатар мамандықтарды оқытады. Кампустағы білім беру жүйесі 80% ағылшын, 20% қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Мұндағы 2024-2025 жылдарға арналған бакалавриаттың 4 жылдық оқу құнының ең арзаны 3 600 000 теңге болса, ең қымбаты  8 640 000 теңге.

КИМЭП – жартылай жеке, жартылай мемлекеттік университет. Әзірге, елдегі ең қымбат оқу орны да осы болып отыр. Құрамында төрт факультет: бизнес, әлеуметтік ғылымдар, білім беру және гуманитарлық ғылымдар, құқық мектебі бар және еліміздегі ең қымбат оқу орындарының бірі. Бакалвр студентіне бір кредиттің ақысы  126 710 теңге болады, диплом алу үшін 146 академиялық кредит алу міндетті.

1 курс студенті кемі 30 кредит оқиды, бұл дегеніміз бір жылғы оқу ақысы 3 801 300 теңге. Соңғы курстағы студент 107 кредит алып, оқиды, бұл дегеніміз 4 жылдағы оқу ақысы кемі 13 557 970 теңге болады. Ал, мамандығы максималды кредит саны (146 кредит) бойынша оқытылса, 4 жылғы оқу ақысы да максималды көрсеткішке, яғни, 18 499 660 теңгеге тең болады.

Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті – Қазақстандағы ең көне және алдыңғы қатарлы техникалық университет, ол тау-кен және мұнай өндіру саласында көптеген зерттеулерімен танымал. Оқу ордасының құрамында 7 институт, жоғары мектеп және әскери институт бар.  Мұнда бакалавриат білім деңгейлері бойынша  бір жылдық оқу құнының ең арзаны 892 200 теңге болса, ең қымбаты 1 111 380 теңге. Сәтпаев университетіндегі 4 жылдық оқудың бағасы 3 568 800 теңгеден басталып, 4 445 520 теңгеге дейін барады.

Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет (MNU) – Астана қаласында орналасқан және 1994 жылы құрылған жеке жоғары оқу орны. Университетте 4 мектеп: Жалпы білім беру мектебі, жоғары экономика мектебі, жоғары заң мектебі және бизнес мектебі бар.

Мұнда 2023-2024 жылдары бакалавр студенттері үшін кредит бағасы 26 500 - 29 500 теңге аралығында болған. Студент 3-4 жылғы оқу кезеңінде 180–240 кредит алады. Сонда шамамен 4 жылда ең азы 4 770 000 теңге, ең көбі 6 360 000 теңге төлейді.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Астана қаласында орналасқан жоғарғы оқу орны. Университет құрамында жалпы саны 26 ғылыми-зерттеу институты бар, ғылыми орталықтар, зертханалар, 12 факультет, қосымша білім беру және біліктілікті жетілдіру институты, әскери кафедра, түрлі мемлекеттердің мәдени білім беру орталықтары бар.

2024-2025 оқу жылдары үшін бакалавриат студенті ақылы оқуға 1 140 000-1 300 000 мың аралығында төлейді. Сонда, ұлттық университеттегі 4 жылдық білімнің құны – 4 560 000 теңгеден басталып, 5 200 000 теңгеге жетеді.

Айта кетейік, кредиттік технология бойынша оқу жүктемесі білім алушыларға пәнді, модульді немесе бүкіл білім беру бағдарламасын оқып-үйренуге қажет уақытпен өлшенеді және жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламасында оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажет.