Қытай көліктерінің сапасы сын көтере ме – сарапшылар пікірі

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанның автонарығы қазір 15 қытайлық автобрендпен толыққан

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Былтыр Қазақстан нарығында Қытайдан келген көліктер саны күрт артып, сатылым көрсеткіші рекорд орнатты. Жасыратыны жоқ пандемияға дейін елімізде қытайлық көліктерді сирек кездестіретін едік. Бірақ соңғы жылдары жағдай өзгерді. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі аспан асты елінен келген автокөліктердің қандай брендтермен бәсекелес бола алатынын зерттеп көрген еді.

Қытай көліктеріне сұраныс артып келеді

2015-2019 жылдары біздің нарықта қытайлық автоөнеркәсіптің 2-3 бренді ұсынылса, биыл отандық автонарық 15 қытайлық автобрендпен толып отыр. Атап айтқанда JAC, Jetour Hongqi, Chery Changan, Haval, Tank, Exeed, Geely, Zeekr, FAW, Omoda, Jaecoo, GAC және Kaiyi.

Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның айтуынша, қазақстандық сатып алушылар арасында ең танымал ТОП-5 бренд ішінде Hyundai, Kia, Chevrolet, Jac, сондай-ақ Chery маркалары енген.

Қытай көліктері көрші мемлекеттерді ғана емес, әлем елдерін жаулауды мақсат етіп отыр. Мысалы, 2023 жылы Қытайда 29 млн автомобиль сатылған, бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,8% артық екен. Ал Қазақстанда былтыр сатылған жалпы автомобильдердің 25% осы қытайлық көліктерге тиесілі. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30-35% жетуі мүмкін. Яғни, сатып алушылар тарапынан қытайлық көліктерге сұраныс арта түседі деген сөз.

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков көрші елдің көліктеріне сұраныстың күрт артуын былай түсіндіреді:

«Осыдан бір жарым жыл бұрын автонарықта Қытайдан келген көліктердің үлесі ары кеткенде 10 пайызды ғана құраса, былтырғы жылғы көрсеткіш 25 пайызға жетіп отыр. Тіпті, бұдан да көп болуы мүмкін. Яғни, көрші елден келген көліктер санында айтарлықтай өсім бар. Оның себебін Қытай көліктерінің сапасы жақсара бастағанымен түсіндірер едім. Расымен, біз бұрын көрші елдің автопромына сенімсіздік танытатынбыз. Бірақ мойындау керек бір факт бар, бұл – Қытай әлем бойынша автоөндіріс саласында көш бастап тұр. Тіпті, АҚШ пен Еуропа және Жапониямен бәсекелесе алатындай деңгейге жетті», - дейді ол.  

Аспан асты елі автопромды дамытуға үлкен дайындықпен келген сияқты. Эдуард Эдоковтың айтуынша, олар енді бұрынғыдай көшірме жасаумен айналыспайды. Өздерінің платформалары мен моделін қалыптастырып отыр. Бұл үшін америкалық, еуропалық инженерлерді жалдаған. Өз кезегінде бұл қадам автопром өндірісінің дамуына оң серпін беріп отыр.  

«Қарап отырсаңыздар, автокөліктері көрер көзге де тартымды, өзгелермен салыстырғанда функциялары көп. Бірақ сапа және қауіпсіздігі жағынан келгенде жапондықтарға жету әлі ерте. Қазіргі нарықта Қытай көліктерінің бағасы өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді болып отыр. Мысалы, менің бір танысым басында қытайлық көлікті тест-драйв ретінде айдап көргеннен кейін ұнатып, сатып алуға шешім қабылдайды. Өйткені, осы санатқа жататын жапон моделі бір жарым есе қымбат болды. Бұл «таңдау неге Қытай көліктеріне түседі?» деген сауалға жауап беретін салмақты аргумент деп айтар едім», - дейді  Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы.

Сонымен қатар, сарапшыға аспан асты елінен шыққан автокөліктер бірінші кезекте қай елдің өнімімен бәсекеге түседі деген сауал қойған едік.

Оның айтуынша, алдымен жүрілген жапондық, АҚШ және еуропалық көліктермен бәсекелес болады. Өйткені, автосалондағы су жаңа қытайлық «паркетниктің» құны 10-11 млн теңге. Дәл осындай жаңа жапондық көліктер 20 млн теңге тұрады, ал жүрілгендері 10-11 млн теңге.

«Таразы басына құны 11 млн теңге шамасында болатын айдалған жапон мен кореяның көлігі және салондағы гарантиясы бар қытайлық көлікті қойып отырмыз. Осы ретте, адамдардың көбі автосалондағы жаңа көліктерді таңдайды. Қалай дегенмен жаңаның аты жаңа ғой. Сапа жағына келгенде қытайлық көліктердің әлі де олқылықтары бар шығар. Бірақ, қазірдің өзінде Корея мен Жапонияның көліктерімен бәсекелесе алатындай жағдайға жетіп отыр.  Меніңше, олардың біздің нарыққа жаппай кіріп жатқанына 2 жылдай уақыт болды. Сапа жағына нақты баға беру әлі ерте деп ойлаймын. Алдағы 5-10 жылдан кейін белгілі болады», - дейді Эдуард Эдоков.

Қазақстанда биыл сатылған әрбір үшінші көлік қытайлық марка деген ақпаратпен автокөлік сарапшысы Олжас Оқас та келіседі.   

«Соңғы жылдары қытайлық автокөліктердің нарыққа жаппай кіруіне себеп – халықтың сұранысына сай өнім шығару. Мысалы, Қытай көліктерінің ішінде электроникасы премиум санатқа ұқсайды. Бірақ қытайлық көлікке сенімнен гөрі, скепсис басым. Негізгі үш проблема: электроника көп, вариятор мен робот күмән туғызады. Турбиналық қозғалтқыштардың көлемі кішкентай. Сондықтан Қытайдан алсаң, ресми автомобиль ал деп айтатын себебім сол», - дейді автосарапшы арнасындағы блогында.  

Оның айтуынша, қазіргі қаптаған қытайық автомодельдің ішінде уақыт өте келе саусақпен санарлығы ғана қалады.

«Біздің халық 1-2 жыл жүрген соң құнын қатты жоғалтпайтын машинаны жақсы көреді. Қытайдың жүрілген көлігін сатып алу үлкен тәуекелге барумен бірдей. Сондықтан асығыстық танытпай тексерілген маркаларды алуға кеңес беремін. Ал Қытай көліктері нарыққа ұзаққа келді. Оның ішінде жапон, кәріс өндірісімен нақты қайсысы бәсекелесе алатынын уақыт көрсетеді», - дейді сарапшы.

Нарықта сұраныстың артуы бағаны қалыптастыратыны түсінікті. Осы ретте, қайталама автонарығындағы тоқырау соңғы үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Ресми мәлімет бойынша 2022 жылы 912 055 қолданыста болған көлік сатылса, 2023 жылы бар болғаны 917 849 көлік қана сатылған. Яғни, адамдар жүрілген көлікті емес, жаңа көлік алуды жөн көреді.

Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның сөзіне сенсек, биыл бес айда қазақстандықтар 66 мың көлік сатып алған. Тұтынушылардың басым бөлігі жаңа көлік сатып алуға 13-14 миллион теңге жұмсайды екен. Сұраныстың айтарлықтай үлесі кроссоверлерге тиесілі, ал седандарға сұраныс тұрақты болып отыр.

Қазақстанда «жасы» 20 жылдан асқан 2 млн-нан аса көлік бар

Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 4 жарым млн-нан аса автокөлік бар. Оның жартысының «жасы» 20 жылдан асқан. Отандық автопарктің орташа жасы – 14 жыл. Ал жаңа көліктердің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Ресми статистикаға сенсек, автопаркі ескі өңірлердің қатарында Жамбыл облысы, Жетісу және Алматы облыстары еніп отыр.

«2022 жылы кәдеге жарату төлемі төмендегеннен кейін және 2023 жылы елдегі сұр импорттың ұлғаюы есебінен Қазақстанның автопаркіндегі ескі көліктердің саны артқан»,- дейді Артур Мискарян.

Бұған қоса, биыл жыл басында жарияланған ақпаратқа сенсек, жеңіл автомобильдер саны 2016 жылмен салыстырсақ 775 мыңға данаға яғни, 20%-ға өскен. Бірақ сонымен қатар, он жастан асқан машиналар 1 млн, 43%-ға артып отыр. Осы ретте, соңғы 8 жыл ішінде жеңіл автомобильдердің орташа жасы шамамен 15-тен 22 жасқа дейін артты.  

Қазақстандағы автоөндірушілер өндіріс көлемі жыл сайын артып келетінін алға тартады. Мысалы, 2016 жылы 7511 көлік өндірілсе, 2023 жылы 147 692 авто көлік нарыққа шықты. Бірақ өзімізде құрастырылған көліктердің сатылымы елдегі автопарктің жаңаруына айтарлықтай әсер ете алмай отыр. Жаңа көлік қымбат болғаннан кейін, салондарда машина алу қолжетімді болмағаннан кейін халық амалының жоғынан ескі көлікпен жүруге мәжбүр.

Елдегі көлік паркінің тым ескіріп кетуіне бұған дейін екі рет шетелдік көліктерді заңдастыру науқанының өтуі кері әсер етті. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген көліктердің 80%-дан астамы жүрілгеніне 20 жыл болған көліктер екен. Мысалы, былтыр заңдастырылған көліктердің ішінде Ресейден келгендердің үлесі – 66,3%, Армениядан келгендер – 18,4%, Қырғызстан – 10.7%-ды құрайды.

Ендігі осы жағдайдың алдын алу үшін Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері аумағына 7 жылдан асқан автомобильдерді әкелуге тыйым салу туралы ұсыныс енгізіп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың айтуынша, ЕАЭО елдерінен келетін көліктердің көпшілігі қауіпсіздік жөніндегі техникалық регламент талаптарына, экологиялық санатқа сай келмейді.

«Бізде халықтың кем дегенде 80 пайызында көлік жоқ екенін және олардың қалыпты ортада өмір сүруге және таза ауамен дем алуға құқығы бар екенін атап өткім келеді», - деп жазады ҚазАқпарат Әділбек Бектібаевтың цитатасын келтіре отырып.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылады

Бұған дейін Қазақстанның Даму банкі және Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ӨКМ қаржысы есебінен жеңілдетілген автонесиеге бөлінген 100 миллиард теңге игерілген болатын. Бұл бағдарламаның арқасында 13 347 отбасы отандық жаңа көліктердің иесі атанған еді. Қазіргі нарықтағы бағаны ескерсек, темір тұлпарды жеңілдетілген автонесимен алған әлдеқайда тиімдірек. Өйткені, жылдық мөлшерлемесі бар болғаны – 4 пайыз. Мысалы, 7 млн теңгеге көлік алсаңыз, 7 жылдан кейін 8 млн 400 мың теңге ғана қайтарасыз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қазір Allur автосалондарында құны 7 млн тұратын Chevrolet Cobalt бағасы 7 млн теңге. Банктер арқылы 7 жылға несие рәсімдейтін болсаңыз, үстіне 3 млн теңге етіп қайтарасыз. Сондықтан жеңілдетілген автонесие арқылы көлік алу ең тиімді тәсіл болып отыр. Бірақ, бағдарламаға бөлінген қаражат саны шектеулі болғаннан кейін қаражат бірден таусылып қалады. Сұраныс жоғары, сондықтан көлік кезегі өте ұзақ. Мысалы, былтыр кезектің күту ұзақтығы шамамен 3-6 ай, тіпті 9 айға дейін созылған екен. Автосарапшылардың айтуынша, жалпы жақсы бағдарлама болғанымен, бір жүйеге қойылмаған.

Таяуда салаға жауапты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 4%-дық жеңілдетілген автонесие бағдарламасының талабын қайта қарайтынын айтты. Оны банкте кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер беру көзделіп отыр екен. Жоба аясында айына 250-300 көлік автонесиеге рәсімделеді деген болжам бар.

Қазақтанда ескі көлік көп. Оның салары орасан. Экологияға, адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей қатысты болып отыр. Бірақ автосалоннан жаңа көлік алуға жеңілдіктер қарастырылмағанан кейін адамдарға «ескі көлігіңді жаңартпайсың ба?» деп талап қоюдың өзі ақылға қонымсыз. Бұл ретте, кәдеге жарату аламынан жиналған қаражат Қазақстанда құрастырылған көліктерді жеңілдетілген несие арқылы алуға бағытталса, автопаркті жаңартуға жақсы мүмкіндік болар еді.

Жанат Ерболған