Қазақстандық IT компания 750 мыңнан астам баланың цифрлық сауатын ашты

Автор: Темірхан Айжан

CodiPlay жобасын әлемнің бірнеше елі қолданады

Фото: Жанәділ Талдыбаевтың жеке мұрағатынан

Таяуда қазақстандық EdTech стартап CodiPlay БҰҰ Бас хатшылығының қолдауына ие Digital Public Goods Alliance (DPGA) компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесін иеленді. CodiPlay жобасы мектеп оқушыларының IT сауатын жетілдіруге маманданған. Бүгінде отандық компания қазақ балаларын ғана емес, шетелдің бірнеше еліндегі балаларды цифрлық сауаттылыққа үйретіп жүр.

Azattyq Rýhy  тілшісі CodiPlay компаниясының негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаевпен аз-кем әңгімелесті.

– CodiPlay жақында БҰҰ-ның цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болу сіздер үшін нені білдіреді? БҰҰ мойындау үшін басқа IT компаниялар не істеуі керек?

– CodiPlay компаниясының БҰҰ-ның цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болуы біз үшін үлкен жетістік және үлкен жауапкершілік. Бұл мәртебе біздің өніміміздің сапасы, қауіпсіздігі және ашықтығы халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Бұл мәртебеге ие болу бізге көптеген артықшылықтарды береді, мысалы, халықаралық ресурстар мен желілерге қол жеткізу сонымен қатар білім беру қауымдастықтарымен және ұйымдарымен тығыз жұмыс жасау. БҰҰ мойындауы үшін басқа IT компаниялар өз өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарды дайындауы қажет. Бұл құжаттар саясаттың ашықтығы, деректерді сақтау және қолданушы келісімдері, техникалық құжаттаманың ашықтығы сияқты аспектілерді қамтуы керек. Біз бұл салада өз құжаттарымызды жетілдіріп, белсенді жұмыс жүргіздік. Барлық талаптар мен қадамдар БҰҰ-ның ресми сайтында көрсетілген, сол жерден кез келген компания өз бетінше оқып, өтініш бере алады.

– CodiPlay жобасын түсіндіріп өтсеңіз.

– CodiPlay – бұл ақпараттық технологиялар саласындағы кешенді оқытумен айналысатын халықаралық компания. Жобаны 2017 жылы Оңтүстік Кореяда бастадық. Бұл бастама менің Кореяда магистратурада оқып жүрген кезімде, медициналық өнеркәсіпті терең зерттеуге деген қызығушылығымнан басталды. Кореяда медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысқан кезде, мен ақпараттық технологиялардағы білімді дамыту қажетін түсіндім. Бұл саланы тиімді және қызықты түрде меңгерудің жолын іздестірдім. Содан ойындар арқылы бағдарламалау тілдерін оқыту идеясы келді, интерактивті ойындар арқылы бағдарламалаудың негіздерін, алгоритмдерді және басқа да маңызды дағдыларды тиімді оқытуға болатынын түсіндім. Бұл идеяның тартымды көрінгені сонша, жобаны тек өзім үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздегі оқушылардың IT сауаттылығын дамытамын деп шешім қабылдадым.

CodiPlay жүйесі үш негізгі компоненттен тұрады:

1. CodiPlay мобильді қосымшасы: Бұл қосымша арқылы балалар мен жасөспірімдер бағдарламалау тілдерінің негізін үйрене алады.

2. CodiKit робототехникалық жиынтығы: Робототехника мен инженерия дағдыларын дамытуға арналған құралдар.

3. CodiTeach веб-платформасы: Мұғалімдерге арналған, оқыту процесін жеңілдетуге және олардың білім беру жұмысын арттыруға арналған LMS-платформа.

CodiPlay жобасы 2020 жылы пандемия кезінде біршама қиындықтарға тап болды. Негізінен, пандемия бізді қашықтан білім беру саласына көбірек назар аудартты. Қазіргі кезде жобамыз бүкіл әлемдегі балаларға инклюзивті білім беру мүмкіндіктерін ұсынады. Біздің басты миссиямыз – балалар арасында IT сауаттылықты арттыру.

– Мектеп оқушыларынан бөлек ересектер де цифрлық сауатын ашу үшін қолдануына бола ма?

– CodiPlay негізінен балалар мен жасөспірімдерге арналған. Біздің өніміміз мектептерде бағдарламалау, робототехника және логикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Сондықтан, ересектер CodiPlay өнімін өздігінен қолдана алмайды. Тек жүйеге қосылған мектептер арқылы ғана платформаны пайдалана алады. CodiPlay жүйесіне тіркелу тек мектептер арқылы жүзеге асырылады. Мектептер біздің платформамызға қосылу үшін бізбен байланыс орнатып, келісімге келуі керек. Тіркелу процесі келесідей:

Мектеп біздің сайт арқылы өтініш береді немесе бізбен тікелей байланысады. Біз мектеппен байланысып, қажетті құжаттарды және келісімдерді рәсімдейміз. Одан кейін мектепке қажетті ақпараттар мен нұсқауларды жібереміз, оның ішінде CodiPlay мобильді қосымшасын және CodiKit робототехникалық жиынтығын қалай қолдану керектігі туралы мәліметтер болады. Мұғалімдерге арналған CodiTeach веб-платформасын орнату және пайдалану бойынша қосымша оқыту жүргізіледі.

CodiPlay бағдарламасын қолдануда мектептерде арнайы құрылғыларды қажет етпейді, бірақ оқушыларда смартфон немесе планшет болғаны жөн.

– Қазірге дейін қанша қазақстандық мектепке бағдарламаны орнаттыңыздар? Балалар бағдарламаны қолданғаннан кейін қандай жетістіктерге жетті? Нәтижесі көңіліңізден шыға ма?

– Қазіргі уақытта Қазақстандағы көптеген мектептері CodiPlay бағдарламасын қолдануда. Нақты айтсам, 125 мектепте бармыз. Біз Астана мен Алматы қалаларындағы мектептермен тығыз жұмыс жасаймыз. Бағдарламаны қолданған балалар бағдарламалау және робототехника саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері, математикалық және техникалық дағдылары дамып, шығармашылық және инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатындығын көрсетіп отыр. Балалардың жетістіктері мен кері байланысы бізді қуантады. Олар тек бағдарламалау негіздерін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің жобаларын жасап, оларды көпшілікке ұсына алады. Бұл жетістіктер біздің жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз және алдағы уақытта да өнімімізді жақсарту үшін барымызды саламыз.

– Қанша шетелдік мемлекет, қанша мектеп CodiPlay-ді пайдаланады? Нәтижесімен бөлісе ме?

– CodiPlay жобасын әлемнің бірнеше елдері қолданылуда, олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Корея, Катар, Әзірбайжан, Сауд Арабиясы, Индонезия және Англия бар. Қазіргі таңда 750 мыңнан астам бала біздің платформамыз арқылы білім алуда. Әр елдегі мектептер өздерінің кері байланысын береді, және біз олардың нәтижелерін мұқият талдаймыз.

Мысалы, Кореядағы мектептер біздің платформамызды оқыту процесіне енгізіп, оқушылардың бағдарламалау және техникалық дағдыларын дамытуда үлкен жетістіктерге жеткенін айтты. Қазақстандағы мектептері де оқушылардың IT саласындағы сауаттылықтарын арттырып, логикалық ойлау қабілеттерін дамытқанын растайды. Бұл нәтижелер біздің платформамыздың тиімділігін дәлелдейді және біз оны әрдайым жетілдіріп отырамыз.

– Қанша шетелдік мемлекетпен келісімге келдіңіздер және алдағы уақытта қай мемлекеттермен ынтымақтасу ойда бар?

– Қазіргі таңда бірнеше шетелдік мемлекеттермен, соның ішінде Түркия және Англиямен үлкен келісімге келдік. Бұл елдердегі мектептер біздің платформамызды белсенді түрде қолдануды бастады. Алдағы уақытта біз ТМД елдері, Араб елдері және Африка елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Осы елдермен жұмыс жасай отырып, біз олардың білім беру жүйелеріне сай келетін контент пен оқыту әдістемелерін бейімдейміз. Біз әр елдің білім беру ерекшеліктерін ескеріп, соларға сай бағдарламаларды ұсынамыз. Бұл біздің халықаралық деңгейде кеңеюімізге және білім беру сапасын арттыруға көмектеседі.

– Қазақстанда қазіргі күні CodiPlay-дің аналогтары бар ма? Елімізде білім беру технологиялары стартаптары бағытында бәсекелестік бар ма?

Қазақстанда білім беру технологиялары саласында бірнеше стартаптар бар, бірақ CodiPlay сияқты кешенді оқыту жүйесін ұсынатын аналогтар аз. Бұл салада жалпы бәсекелестік бар, бірақ ол көбіне белгілі бір бағыттарға маманданған жобалар арасында жүреді.

Айта кететінім, бәсекелестік бізді тек жақсартуға ынталандырады. Біз әрқашан жаңа идеялар мен шешімдер іздейміз, өнімімізді жетілдіреміз және оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктеріне қарай бейімдеп отырамыз. Бәсекелестіктен қорықпаймыз, ол бізді жаңашыл болуға және үздік өнімді ұсынуға шабыттандырады.

– Білім саласында IT стартаптарға әлі де орын бар ма? Не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Иә, білім саласында IT стартаптарға әлі де орын бар. Бұл салада инновациялық идеялар мен сапалы өнімдер әрқашан сұранысқа ие. Қазіргі кезде инфрақұрылымды жақсарту, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және мұғалімдерді қолдау қажет. Көптеген мектептерде цифрлық технологиялар мен құралдардың жетіспеушілігі байқалады. Мұғалімдерге цифрлық білім беру құралдарын тиімді пайдалану үшін қосымша оқыту қажет. Сонымен қатар, оқушылардың IT дағдыларын дамыту үшін интерактивті және қызықты оқу материалдарын әзірлеу қажет. Білім беру саласындағы IT стартаптар осы қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған көптеген өнімдер мен қызметтер ұсына алады.

– Болашаққа қандай жоспар бар?

– Болашақтағы жоспарымыз – CodiPlay жобасын әлем бойынша кеңейту, жаңа елдерге ендіру және білім беру сапасын жақсарту. Біз жаңа өнімдер мен қызметтерді әзірлеуді жоспарлап отырмыз, мысалы, бағдарламалау, робототехника және басқа IT дағдылары бойынша жаңа курстар мен модульдерді нығайту, мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін және оқыту процесін тиімді ететін құралдар мен ресурстарды жаңашыл тәсілмен жасау, білім беру ұйымдарымен және қауымдастықтарымен серіктестіктерді нығайту.

– Қазақстанда цифрландыру жұмысы қай деңгейде деп айтар едіңіздер?

– Қазақстанда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет цифрлық технологияларды енгізу және дамыту бойынша көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Мектептерде, университеттерде және басқа білім беру мекемелерінде цифрлық құралдар мен технологиялар кеңінен қолданылады. Дегенмен, ауылдық аймақтардағы цифрландыру деңгейін арттыру қажет. Бұл аймақтарда интернет байланысы, цифрлық құралдар және технологиялар жетіспеушілігі байқалады. CodiPlay осы мәселені шешуге бағытталған, біз ауылдық аймақтардағы мектептерге қолжетімді және тиімді білім беру шешімдерін ұсынуды мақсат етеміз. Біздің мақсатымыз – барлық балаларға сапалы IT білімін алу мүмкіндігін ұсыну.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!