Зейнетақы қорының табысы қалай минусқа кетті – сарапшы бар қателікті қарапайым тілмен түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Инвестициялық табыс өзін-өзі ақтамады 

Соңғы күндері  жеке тұлғалардың зейнетақы қорындағы жинақ сомалары азайып кеткені туралы шағымдар көбейді. Әсіресе мұндай сауалдарды әлеуметтік желілерде талқылап жатқан жұртшылықта есеп жоқ. Кейбіреулері төлемдердің жүз мың теңгеге дейін азайғанын жазса, зейнетақы қорындағы қаражаты миллиондап кемігендер де болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл мәселе Қазнетте екі күн талқылынған соң, Қазақстан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ресми жауап берді. БЖЗҚ таратқан ақпаратта зейнетақы жинақтары – жарналар мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасынан тұратыны түсіндіріледі.

Жарналар ешқашан азаймайды, олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Мәліметте жарнаның 3 түрі бар екені айтылады:

- міндетті зейнетақы жарналары (табыстың 10%-ы)

- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (табыстың 5%, оны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына төлейді)

- ерікті зейнетақы жарналарын адам өз еркімен төлейді (ол кез келген сомада болады және төлеу кезеңділігін де өзі таңдайды).

«Сіздің ай сайын аударып отыратын 10% салымыңыз орнында. Оған ешкімнің тисуіне құқығы жоқ, Заңмен қорғалады. Сол салым құның жоғалтпау үшін біз инвестициялық табыс қосып отырамыз. Қазіргі таңда тек инвестициялық табыс азаюда, әлемдегі жағдайға баланысты. Егер инвестициялық табыс жинаққа қосылмаса, инфляция жеп қояды. Бұл жағдай міндетті түрде түзеледі. Сіздің назарыңызды инвестициялау нәтижесінде пайда болатын инвестициялық табыс – тұрақсыз шама екеніне аударғымыз келеді, яғни банктердің депозиттік шарттарында көзделгендей қатаң белгіленген шама емес, онда сыйақы мөлшері белгілі бір кезеңге нақты анықталған және ол көптеген факторларға, оның ішінде бағалы қағаздардың нарықтық құнына және валюта бағамдарының өзгеруіне тәуелді. Осылайша, инвестициялық табыстың шамасы ұлғаю жағына да, азаю жағына да өзгеруі мүмкін, әдетте салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-ларындағы инвестициялық табыстың осындай қысқа мерзімді ауытқулары байқалып тұрады және ол уақытша көрініс болып табылады»,- деп жауап берді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Белгілі экономист Айдар Әлібаев БЖЗҚ бұл мәлімдемесі арқылы салымшыға жағдайды ашып түсндіріп отырған жоқ деп есептейді. Жоғарыдағы үстіртін жауапқа маман ретінде өзі де қанағаттанбағанын айтады. Десе де, осы салада тәжірибесі бар маман қазақстандықтардың жинақ сомасының азайып кеткені бұрын да бірнеше рет байқалғанын айтады.

«Бұл үрдіс соңғы жылдары жиі қайталанып жүр. Жеке зейнетақы қорларын құртып, бәсекелестік жойылған соң, БЖЗҚ сияқты монополистік жүйені құрды. Тиісінше, есепшоттағы ақшаның пайда әкелмей отырғаны айтылып келеді. Оның себептері қандай? Біріншіден, зейнетақы активтерінің тиімсіз басқарылуы байқалады. Олар қаражатты қайда саларларын білмейді. Банктерді құтқаруға берді, одан қалса Латын Америкасының, Азия елдерінің, өзге континенттегі мемлекеттердің бағалы қағаздарына салды. Перу немесе Малайзия сияқты елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу – бұл саланың үлкен қателігі. Ол қолма қол ақшаны өз еліміздің дамуына салуы керек еді», - дейді Айдар Әлібаев.

Салымшының ай сайын есепшотынан қаражаттың кемуіне байланысты сұрақтарға ресми жауап беретін жалғыз орган – Ұлттық банк. Бірақ қалыптасқан жағдайға орай бас қаржы реттеуші ресми жауап берген жоқ.  Ал экономист салымшыларға бұл сауалға қарапайым мысалмен жауап береді.  

«Қарапайым өмірдегі мысалдардың бірімен түсіндіруге тырысайын. Сіз 100 теңгеге лоторея сатып алдыңыз, үстінен кем дегенде, 50 теңге ұтып алсам деп үміттендіңіз. Бірақ сіз ұта аламдыңыз. 100 теңгеңіз күйді де кетті. Біздің зейнетақыны басқарушылар да солай жұмыс істейді. Олар қаржыны бір мемлекеттің бағалы қағаздарына салады. Мысалы, 1 млн теңгені салып, 1 млн 200 мың аламыз деп үміттенеді.  Себебі, олар осындай табыс береміз деген міндеттеме алады. Алайда уақыт өте келе, жағдай өзгереді де, бір жылдан соң уәде еткен ақшаның орнына 800 мың қайтарады. Табыс минус 200 мың теңге. Оны алады да барлық салымшыларға теңдей бөлуге мәжбүр болады. Бұл табыссыздық  (отрицательный доход - авт.)деп аталады.  Бұл тиімсіз басқару деген сөз. Кәсіби басқару болмаған соң, халық та жүйеге деген сенімін жоғалта береді», - дейді А. Әлібаев.

Ақпарат үшін:

Инвестициялық кіріс – зейнетақы жинақтары қаражатын инвестициялау нәтижесінде алынған табыс. Зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі басқарады. Зейнетақы жинақтары әртүрлі қаржы құралдарына (бағалы қағаздар, шетелдік валюталар және т.б.) инвестицияланады, олардың құны әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс ұлғайып, азаюы мүмкін.

Инвестициялық табыс күн сайын есептелетін болғандықтан, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы да өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс төмен болған кезде, зейнетақы жинақтарының сомасы азаяды, инвестициялық табыс жақсы болған кезде, зейнетақы жинағы да ұлғаятын болады.

Жыл басынан бергі инвестициялық қызметтің нәтижелері оң үрдісті көрсетіп отыр - салымшылардың шоттарына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелген. Ал бұл жыл басындағы көрсеткіштен 6%-ға және соңғы 12 айдағы табыстан 12%-ға жуық мөлшерге артық делінген БЖЗҚ мәлімдемесінде.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы