«Ұлттық қор – балаларға»: қаражатты шетелдегі оқу ақысын төлеуге де қолдана алады

Автор: Сымбат Ғалымжан

Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, қаражат шотта 10 жыл сақталады

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Үстіміздегі жылдың ақпан айы ел тұрғындары үшін жақсы жаңалықпен басталды. Ел тұрғындары балаларының есеп шоттарына түскен ақшаны жарыса жариялап жазып жатты. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) алғашқы төлемдер түсе бастады. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын Қазақстан азаматы болып есептелетін 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестіріліп отырады. Ұлттық қордан аударылған қаражатты студенттер елдегі ғана емес, шетелдегі оқу ақысына төлеу үшін де қолдана алады. 

Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісі ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазиновтан пікір алып, қаражаттың жұмсалу жолдарын анықтады. 

2024 жылдың басында нысаналы талаптарға қатысушылардың саны - 6 919 131 адам, оның 304 815-і 2024 жылы 18 жасқа толған.

«2024 жылы кәмелет жасқа толған балалар үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-на 30 640 003,80 АҚШ доллар қаражат аударылды», - деді Қаржы министрлігі.

Бұл бағдарламаның негізгі екі мақсаты бар. 18 жыл iшiнде орташа инвестициялық кiрiстiң 50 пайызынан қалыптасқан есептеулердің жалпы сомасы 695 519 269 АҚШ доллары болды, әрбiр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелді.

«Бірінші, тұрғын үй жағдайын жақсарту, екіншісі, оқу ақысын төлеу. Яғни, он сегіз жасқа толған бала қаражатты осы екі мақсатқа пайдалана алады. Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды. Сол оператордың арнаулы порталы болады. Оның барлығы осы бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылғаннан кейін арнайы хабарланады», - деді ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов.

Қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Ал, тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі.

«Біздің механизмдер бойынша, бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Кейін оны зейнетақы есепшотын пайдалануға сәйкес, әрі қарай қолдана алады немесе әрі қарай зейнеткерлікке шыққанда, пайдалана алады», - деді Айбол Арғынғазинов.

Парламент қабылдаған Заңға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген.

«Ұлттық қордың аудиті аяқталғаннан кейін, оның орташа инвестициялық кірісі айқындалады. Сәйкесінше, ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеткізіліп отырады. Сол арқылы жылына бір рет қаражат түсіп отырады. Он сегіз жасқа толмаған балалардың қаражаты Ұлттық қорда сақталады да, оның барлық инвестициялық операциялары іске асырылады. Сәйкесінше, егер, Ұлттық қордың табысы жоғары болып жатса, бұл қаражат та еселеніп отырады», - деп түсіндірді департамент директоры.

Ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан, болмаса, мобильді қосымшасынан ақпарат қарап отыруға болады.

«Бұл жерде мынадай мүмкіндік болады: егер де ата-ана өзінің баласына оқуға қажет деп қаражат жинайтын болса, «Келешек» жүйесінде, мысалы, қаражат жинаса, оны бала он сегізге толған соң, Ұлттық қордың балаларға арналған қаражатымен біріктіруге болады. Қаражатты баланың оқу ақысын төлейтіндей жақсы мүмкіндіктер пайда болады. Жылдың аяғына дейін бүкіл жұмыстар аяқталады. Қазір біз барлық мәліметтер базасын тексеріп жатырмыз. Осы жылдың басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әр балаға қандай сома аударылады, осы ақпараттың барлығын халыққа хабарлайды. Содан кейін, қаңтар айында, ақпан айының басында бұл қаражатты әр баланың жеке шотына аудару бойынша жұмыс жүргізіледі»,- деді Айбол Арғынғазинов.  

Бұл ретте спикер «қандас» статусындағы азаматтарға қатысты талапты да айтты.

«Яғни, 2023 жылы 31 желтоқсанда бала он сегіз жасқа толып кетсе, онда ол бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Ал, 2024 жылдың ішінде он сегіз жасқа толатын болса, онда осы бағдарламаға қатысып, тиісті төлемін ала алады. Жылына бір рет барлық балаға бірдей сома аударылады. Қандас статусындағы азаматтарға қатысты айтатынымыз, қай кезден бастап ҚР азаматтығын алады, сол кезден бастап бағдарламаға қатыса алады», - деді министрліктің өкілі.

Ал егерде қандайда бір жағдаймен бала қайтыс болып кетсе, қаржы оның заңды өкіліне немесе мұрагеріне беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін – «Қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушылар»  санатына көшеді. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылатын «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы бастама көтерген еді. Мемлекетке түскен табыстан үлес алу, яғни «Ұлттық қордан – балалаға» жобасы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Бұл жоба тікелей Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған. Енді ол жыл сайын үнемі жалғасын таба бермек.