Түркістан облысында 2,2 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылмақ

Автор: Мира Байбек

Олжас Бектенов Кентау ЖЭО жаңғырту жұмыстарымен және өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуымен танысты

 

Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Кентау қаласындағы жылу орталығы мен трансформатор зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1934 жылы салынған Кентау ЖЭО – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан. Мұндағы жабдықтың тозу деңгейі 87%-ды құрайды. Аталған нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.

«Кәсіпорында Олжас Бектенов шығарылатын өнімдердің техникалық сипаттамалары мен конструкциясын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, зауыттың өндірістік қуатын кеңейту шараларымен танысты. Нәтижесінде, Үкімет басшысы отандық электр жабдықтарын өндіруші үшін қосымша өндірістік жүктеменің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорын өндірісті кеңейту және ұлғайту, технологиялық операцияларды жаңғырту және цифрландыру бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы тиіс», - делінген хабарламада.

Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны іске асыру 17,7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл 116,8 млрд теңгеге 44 жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, күкірт қышқылын өндіру, жүгеріні терең өңдеу зауыттарын салу жобалары, мақта-тоқыма кластерін құру жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірде сыйымдылығы 4 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталды.

Премьер-министр инвесторларды белсенді тарту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыру бойынша әкімдікке барлық қажетті шараларды қабылдау, оның ішінде шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту міндетін қойды.