Ең жоғары өсім Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында қаңтар-ақпандағы экономикалық өсімнің есебін берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өңдеу өнеркәсібі өсу қарқынының жеделдеуін көрсетуде. Өндіріс көлемі 7,4%-ке өсті.
Көрсеткіштің өсуі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсуді Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 23%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 21%-ке және электр жабдықтарын жасаудың – 45%-ке өсуі қамтамасыз етілді», - деді Байбазаров.
Сондай-ақ, өсу келесі салаларда байқалып отыр: металлургия өндірісі – 11%, химия өнеркәсібі – 25%, металл бұйымдары – 24%, құрылыс материалдары – 1,4%, жеңіл өнеркәсіп – 2,3% және жиһаз өндірісі – 23%.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9%-ке жоғарылады. Бұл ретте металл кендерін өндіру – 7,2%-ке, газ өндіру – 1,2%-ке, мұнай өндіру – 0,4%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 2,9%-ке өсті. Көмір өндіру – 4,1%-ке төмендеді», - деді ол.
Министрдің сөзінше, құрылыста өсудің жоғары қарқыны сақталуда.
«Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ке ұлғайды. 18 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-ақпанда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4%-ке төмен. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді», - деді министр.
Байбазаров ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3%-ке өскенін атап өтті.
«Ең жоғары өсуді Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.
Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 7 өңірде – Қызылорда, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды», - деді ол.