Жылдық инфляция тұрақты түрде баяулап келеді
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі

2023 жылғы желтоқсанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 9,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 8,5%, азық-түлік емес тауарлар – 9,1%, ақылы қызметтер 12,4% өсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда қырыққабат – 47,9%, жүзім – 45,1%, күріш 34,3% қымбаттады. Баға парацетамолға – 76,2%, ацетилсалицил қышқылына – 51,4%, белсендірілген көмірге 26,8% өсті. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 22,6%, күнбағыс майы – 18%, құмшекер 15,8% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
«Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Біз жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтер мен баға өзгерісін бақылаймыз. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі», – деп түсіндірді бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.