Экономистер пікірі
Экономика сарапшысы Расул Рысмамбетов қазақстандық бизнеске қандай қауіп-қатер төніп тұр деген сауалға қатысты өз пікірін білдірді. Кәсіпкерлікті құлдырап кетуден құтқаратын шараларға қатысты Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында ол бизнес құрылымдарының қаржылық көрсеткіштері төмендей түсетінін айтады.
Төтенше жағдай кезеңінде елдің ең ірі екі қаласында карантин жариялануы (Алматы және Нұр-Сұлтан – авт.) салдарынан экономикада бұрын-соңды болмаған дағдарысқа ұшырап, оның сауығуы ұзаққа созылады деп есептейді экономист.
Айта кетейік, ТЖ енгізілуіне байланысты жарлықтан соң, азық-түліктік емес секторда жұмыс жасап келген барлық сауда орындары қозғалысын күрт тоқтатты. Ірі сауда ойын-сауық орталықтары, олардың аумағындағы немесе одан тыс орналасқан кинотеатр, көңіл көтеру орындары, балалар орталықтары, мейрамханалар, асханалар мен дәмханалар, киім-кешек дүңгіршектері, қызмет көрсету орындарында сауда-саттық болмайды. Карантин тәртібі тоқтағанның өзінде сауда орнын жалға алушылар үш айдың ішінде бір қалыпқа түсе қояды деп болжау қиын.
ТЖ БИЗНЕСТІҢ ҚАЙ ТҮРІ ПАЙДА ӘКЕЛІП ЖАТЫР
Карантин аяқталған соң да бизнес үшін дезинфекциялық заттар, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық маскалар сатып алу, ғимараттарды санитарлық залазсыдандыру, тепловизорлар орнату сияқты қосымша шығын көздері пайда болады. Мұндай шығындарды кәсіпкер тауардың бағасын көтеру арқылы жабатыны айтпаса да түсінікті.
«Бұрын жүргізілген зерттеулерді еске алсақ, Алматыда шағын бизнестің шығындарының 35% -ы ғимаратты жалға алу құнына, 20-25%-ы еңбекақыға, қалғаны шикізат сатып алуға және несиені жабу мен өзге де қаржылай шығындарға жұмсалатын. Қазір коронавирустың әлегінен келетін шығынды толықтай есептеп айту мүмкін емес. Десе де, кейбір бизнес түрлерінде шығыннан гөрі пайдаға жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр. Олар азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті затарды саудалайтын шағын дүкендер. Бизнесі жүретін салалар ретінде тамақ өнімдерін жеткізетін компаниялар, фармацевтикалық өнімді саудалаушылар және такси қызметін ұсынатын кәсіпкерлерді айтуға болады», - дейді сарапшы.
Жалпы алғанда бизнестің әлсіреуіне әсер ететін негізгі фактор – теңгенің бірден құнсыздануы. Егер мемлекет макроэкономикалық жағдайды тұрақтандырмаса, импорт тауарларының жаппай қымбаттауы сәуір-мамыр айларына келеді. Қазақстанға сырттан келетін дайын өнімнің үлесі 70 пайыздан жоғары. Тиісінше, тауарлардың қымбаттауы, сатылымды төмендетіп, отандық кәсіпкерлерге кері әсер етеді.
КОРОНАВИРУСТЫҢ БАНК СЕКТОРЫНА ӘСЕРІ
Экономиканың тағы бір маңызды секторы – банк жүйесіне де коронавирусқа орай жарияланған карантиннің зияны тиеді. Қазір екінші деңгейлі банктер қаржы-кредит саясатында айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. Ұлттық банк пен Қаржылық қадағалау агенттігі екінші деңгейлік банктер үшін «проблемалық несиелер қорының» ұлғайатынын есепке алып, әрекет етуі тиіс. Сәуір айының ортасында барлық банктер үшін борышкерлердің несие төлемдерін тоқтату процесі басталады. Тиісінше халыққа жекелеген, тұтынушылық және өзге де кредиттерді беру қысқарады.
«Енді банк құрылтайшылары дағдарыстан шығудың жолын іздеп, банк секторына қосымша капитал тарту жағын қарастыруға мәжбүр болады», - дейді экономика сарапшысы.
МИКРОБИЗНЕСТІ ӨЛТІРІП АЛМАУ КЕРЕК
Экономист Дәулетбек Тоқтасынұлы дәл қазіргі уақытта микробизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге назар аудару керек екенін айтады. Қазақстанда 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Президент Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микробизнес өкілдерінен табыс салығы алынбайды. Үш жылдық жеңілдік кәсіпкерлерге 380 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік беруі тиіс деп қарастырлған еді. Бірақ қазір жағдай күрт өзгеріп отыр.
«Дәл қазіргі жағдайда микробизнес өкілдеріне 3-4 пайыздан аспайтын несиелер үлестіруге басымдылық беру керек деп ойлаймын. Ол 500 мың теңгеден 5 млн теңге аралығында белгіленсе, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне өз өтінішіне қарай беру қажет. Содан соң оларға жылдың аяғына дейін каникул беріліп, сол соманың өтелуін келесі жылдың басында талап етсе, айтарлықтай көмек болар еді. Себебі, дәл қазір осындай мекемелер қиындыққа тап болды. Сауда тоқтады, тауарлардың бәрі сырттан келеді, АҚШ долларының бағамы да өсіп кетті. Бұл ұсынысты Үкіметтің қолдауға мүмкіндігі де, қаражаты да бар», - дейді сарапшы.
Шағын кәсіпкерліктің артында миллиондаған жұмыс күші тұр. Олар 19 наурыздан бастап елең-алаң күйде қалды. Қол астында 15-тен 100 адамға дейінгі халықты жұмыспен қамтып отырған мекемелер негізінен жабылды. Мемлекет елде 1,5 млн адамның ақысыз демалысқа кеткенін немесе жұмысынан қысқарғанын ресми түрде жария етті. Оларға 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлемақы жасайтынын айтты. Бірақ бұл қаражатты үлестірудің механизмдерін халық түсінбей жатыр. Сұрақ көп, ал күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға деген мұқтаждық күн санап артып келеді.
«Қазір ел арасында жүрміз. Өз басым астанада, жағдайы жақсы үкімет адамдарының арасында жүрген маман емеспін. Шынайы жағдайға шынайы қарау керек. Екі бала бағып отырған отбасылар көп, үш бала, төрт бала дегенге қарамай, олар да қамтылуы тиіс деп санаймын. Екі–үш баласы барлар әлеуметтік мүмкіндігі төмен отбасыларға жатпайды деген бос сөз. Сондай-ақ, Үкімет 42,5 мың теңгені міндетті әлеуметтік сақтандыруға қаржы аударған азаматтарға беруі керек дейді. Ал тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік төлемдер жасай алмаған азаматтар қайтпек? Сондықтан оның механизмдерін қайта қарап, шын мұқтаждарға көмек беру керек»,- дейді сарапшы.
ДӘЛ ҚАЗІР ХАЛЫҚТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ТАМАҚҚА МҰҚТАЖ
Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткіші ресми түрде 4,5-4,8 пайыз аралығында құбылып тұрады. Қазақстанда 2019 жылдың соңындағы дерек бойынша 440 мың адам жұмыссыздар санатына жатқызылған. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегінше, еңбекке жарамды халықтың 6,7 млн-ы жалдамалы жұмыспен қамылған. Яғни, бұл елдегі жұмыс істейтін адамдардың 76,1 пайызы.
«Қазақстанда халықтың 60 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Әр жерде әртүрлі сандар айтылады. Мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар қазіргі карантин жағдайында қиындықсыз өтеді. Оларда тұрақтылық бар. Ал жеке секторда жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны өте көп. Кәсіп иесі жұмысшыларына карантин кезінде жалақы төлеп отырады дегенге сену қиын. Қамалып отырған азаматтар жұмыссыздықты айтпағанда, көшеге шыға алмай, азық-түлік дүкендеріне бара алмай отыр. Ондай отбасыларда қазір депрессия басталды. Бұл мәселені шешуді Үкімет күн тәртбінен тыс міндетіне алуы керек деп санаймын», - деді Д. Тоқтасынұлы.
Қазақстан тәуелсіздік кезеңінде ауқымды төтенше жағдайды бірінші рет енгізіп отыр. Көптеген сарапшылар Үкімет бүгінгі күннің мәселесімен ғана айналысып жатыр деп есептейді. Ал алдағы 3-4 айға қандайда бір болжамдар мен жоспарлар жасауға жүрексінеді.
«Біз мемлекет басқарушы қаржыгерлер мен істің басында жүрген экономика мамандарынан болжамдарды естігіміз келеді. Себебі, оларда «белгісіздік» көңіл күйі өте басым», - дейді қаржыгер Дәуренбек Мәжитов.
Қазіргі жағдай экономиканың барлық секторына әсер етіп отыр. Халықтың едәуір бөлігі қызмет көрсету саласында еңбек ететінін ұмытпаған жөн.
«Дәл қазір білінбегенімен, алдағы екі айдан соң жұмыссыздық елде бірінші проблемаға айналады. Үкімет осы кезеңге қандай бағдарлама әзірлеп отыр. Дәл қазір осыны айтып, елді сол күнге бүгіннен дайындауы тиіс. Экономиканы қолдауға бөлінген 400 млрд теңгені ( 900 млн АҚШ доллары - авт.) игерудің нақты механизмдері қандай? Біз сияқты сарапшылар Үкіметтің қадамын ұқпастан, қандайда бір болжам айта алмаймыз», - дейді маман.
Бүгін KASE қор биржасында сағат 15:30-дағы саудада 1 АҚШ доллары 448,01 (+2,19) теңге болып бекітілді. Ал халықаралық аренада мұнай бағасы көпжылдық рекордты тағы да жаңартты. Brent маркалы мұнай бүгін 23,06 АҚШ доллары, ал WTI баррелі 19,92 доллар болып бекітілді. Мұндай көрсеткіш әлемдік нарықта соңғы рет 2002 жылы тіркелген.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы