Нысаналы трансфертті 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр - министр

Автор: Аманалина Тоғжан

Ұлттық қордың қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге болмақ

Фото: inbusiness.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында ұлттық қордың қаражаты жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы енгізіледі. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге соммасында айқындалды», - деді Қуантыров.

Министрдің болжамы бойынша, орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан алып қоюдың жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді.

«Мәселен, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжануда.Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады», - деді ол.

Министр атағандай, нысаналы трансфертті 1,6 млрд теңгеге ұлғайту көзделген.

«Сонымен қатар 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңының жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр», - деді Қуантыров.

Авторы: Аягөз Құрмаш