Туристік жарна мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді
2023 жылдың басынан шетелдіктерден жергілікті бюджетке туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 миллион теңгеге жуықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәдениет және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, туристік жарна түсімі бойынша көш басында Алматы қаласы тұр. Оңтүстік мегаполиске жалпы соманың 86%-ы немесе 270,6 млн теңге тиесілі. Екінші орында – 37,7 млн теңгеден артық туристік жарна жинаған Астана қаласы.
Туристік жарна - хостел, жалға берілетін баспаналардан бөлек орналасу орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем.
Туристік жарна мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді. Қаражат та жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне түседі.
«Туристік жарнадан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, туристік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша іс-шараларды іске асыруға бағытталуы керек. Бұл өңірлерге келетін туристердің санын арттыруға ынталандыратын болады»,-деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.