Биыл олар орта есеппен 790,6 мың теңге табыс тауып отыр
Бір жылда Қазақстандағы IT мамандарының жалақысы 65%-дан астамға өсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
DataHub Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, мұндай өсім ресейлік қызметкерлердің қоныс аударуына байланысты болған.
«2023 жылдың бірінші тоқсанында бағдарламалау, кеңес беру және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы орташа жалақы 790,6 мың теңгені құрады. Жалақы бір жылда 313,5 мың теңгеге немесе 65,7 пайызға өсті. Өткен тоқсанда 125,7 мың теңгеге немесе 18,9%-ға өскен болатын», - дейді сарапшылар.
Бюро мәліметінше, ІТ экономикалық қызметтің ең көп төленетін төрттігіне кіреді. Алдыңғы орындарда әуе жолаушылар транспорты (942 мың теңге), бас компаниялардың қызметі мен консалтинг (935,6 мың теңге), теңіз және жағалаудағы жүк транспорты (935,9 мың теңге) қызметтері тұр.
Ақпараттық технологиялар саласындағы орташа жалақы қаржы және сақтандыру секторларына қарағанда 188,5 мың теңгеге артық. Ал тау-кен өнеркәсібінен 24 мың теңгеге артық болып отыр.
DataHub 2023 жылдың бірінші тоқсанында ІТ-қызметкерлердің нақты саны 14,4 мың адамды құрағанын атап өтті. Яғни, бір жылда 15,6 пайызға өскен. Жалпы саны – 15,2 мың адам.