Өткен жылдың басынан бері елімізде қанттың құны 20%-ға қымбаттаған
Былтыр құмшекер бағасының бетімен кеткені Үкіметтегілердің бас ауруына айналған еді. Өткен жылдың басынан бері елімізде аталған тәттінің құны 20%-ға қымбаттаған. Былтыр қанттың дүкен сөрелерінен табылмауы тұрғындардың арасында дүрбелең тудырғаны есте. Жауапты ведомствалар қымбатшылықты делдалдар қолдан жасап отырғанын айтып, ақталуға тырысқанымен, сол аралықта тәттінің бағасын тізгіндей алған жоқ. Таяу арада ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдегендей, қант зауыттары шекерге қажетті шикізатты бұдан былай шетелден баж салығынсыз алатын болыпты. Бұл құмшекердің арзандауына әсер ете ме? Түпкілікті пайданы кімдер көретін түрі бар? Сарапшылардың пікірін білдік.
Мұндай шешім Еуразиялық экономикалық кеңесте қаралған. 2023 жылғы 30 наурызда онлайн форматта өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында қатысушылар Қазақстанның шикі қантты бажсыз әкелуге ұсынысын қолдаған. «Тарифтік жеңілдіктің арқасында отандық қант зауыттары баж төлемей шикізат сатып алуға мүмкіндік алады, бұл сайып келгенде дайын өнімнің бағасына оң әсер етеді» деп отыр ведомствадағылар.
«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қазақстандық нарықтың 90%-ын қамтыған көрші елдерден жеткізілген қант түрлі тұрақсыз тасымалданды. Біздің еліміз өзінің қант өнеркәсібін дамыту туралы шешім қабылдады, ол үшін қазір өз шикізатының жеткілікті көлемінің болмауына байланысты бізге үшінші елдерден шикізат әкелу қажет», – деді ЕЭК отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.
Кеңес отырысында бекітілген шикізатты бажсыз әкелуге арналған тарифтік квота осы жылдың алдағы 9 айына 350 мың тоннаның айналасында есептелген. Тараптар күзде осы мәселеге қайта оралуға және қажет болған жағдайда жаңа егінді ескере отырып, квота көлемін қайта қарауға уағдаласыпты. Қазіргі уақытта «айналым схемасы» аясында облыс әкімдіктері қант зауыттарына шикізатты уақытылы сатып алу, ішкі тұтыну үшін жеткілікті көлемде және тұрақты бағамен қант өндіруге мүмкіндік беретін қуаттарды жаңғырту үшін 18 млрд теңге бөлді.
Осы орайда сарапшылар «шикі қантты баж салығынсыз әкелу саладағы түйткілді проблемаларды бірден шешпейді» дейді. Мәселенің екінші ұшын экономист Сапарбай Жобаев түсіндірді. Сарапшы қант мәселесі бойынша бізге көп нәрсені жүйелеу керек деп отыр.
«Қанттың бағасы өткен жылы 800-900 теңгенің айналасында болды. Соңғы уақытта нарық ашылып, 400-500 теңгенің маңайында саудаланып жүр. Өткен жылдың асында 250-300 ден қазір 400-500 ге көтерілгені жақсы ма, жаман ба дегенде, мен экономист ретінде жақсы деп едім. Неге? Себебі, бұл біздің қызылшадан өндіретін қантымыздың өзіндік құнын жабады. Яғни осы нәрсені 500 теңгеден сататын боласыңдар деп қызылшы өндірушілеріне айтатын болсақ, қант өндіретін зауыттар одан 300 теңгеден сатып алатын болса, оларға қызылша өндірісі тиімді болады. Бұрынғыдай 250 кезінде ол тиімді емес еді. Сондықтан біздің қызылша өндірісіндегілер 50 пайызын өндіретін болса, 50 пайызы қант құрақтарынан түсетін болса, қант өндіру біздің елде бір ізге түсер еді», - дейді сарапшы.
Өзіміздің ішкі өндірісті сақтау үшін Қазақстан 15-20 пайыздық баж салығына өтті. Енді қант құрағының қант зауыттарына түсетін бағасы 15 пайызға төмен болады. Бірақ бұл шикізаттың ғана бағасы. Егер де тек қана баж салығын төмендетсе, түптеп келгенде қанттың бағасына 3-5% ғана әсер етеді. Бұл қазір 450-500 ден сатылып жатқан шекердің құнына жалпы әсер етпейді. «Тұтынушылар оны сезбейді де. Зауыттар азғантай пайыз ұтуы мүмкін. Дегенмен де өз өндірушілерімізді шетелдік шикізатқа өте қатты ынталандыра берсек, біздегі қант қызылшасын алуға ынтасы болмайды. Сондықтан мұндай шешім қабылдауда өте мұқият болу қажет», дейді Сапарбай Жобаев.
«Жалпы экономиканың қағидаларына салып қарасақ, бұл соншалықты дұрыс та емес. Осы жерде өте бір күрделі мәселе бар. Қанттың бағасын өндірушілерге сәл түсіріп, сату бағасын төмендетуге жағдай жасап отырмыз. Бізде бүкіл халық мұқтаж емес қой. Бар болғаны 10-12%. 2 миллион халық шамамен. Соларға жәрдем беру керек. Қалған 18 млн адам өзіндік құнынан, қосымша салықтарымен, баждарымен сатып алуға олардың құдіреті жетеді. Сөйтіп олар, бағаны сәл қосып, қантты сатып, одан түскен пайдадан салықты көбірек салып, ана 2 миллион адамға жәрдем беруі керек. Дүние жүзінде өркениетті мемлекеттер осылай әрекет жасайды. Шикізатты арзандата берсе, бүкіл халықтың барлығы соны пайдаланады да, ең көбірек пайда көретіні бай-бағландар болып шыға келеді», - дейді сарапшы.
Тақырыпқа тұздық болсын, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Қазақстанның қант зауыттарының жалпы тәуліктік қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тоннаны және қамыс шикізаты бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елімізде қантты жылдық тұтыну – 530-550 мың тонна, отандық шикізат есебінен қамтамасыз ету – 10%-дан аз.
2022 жылы ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 51%-ды құрады, оның ішінде қызылша қант есебінен – 6% (33 мың тонна). Биыл зауыттар 400-450 мың тоннаға жуық қант өндіруді жоспарлап отыр, оның ішінде 50 мың тонна қызылша шикізатынан, қалған көлемі шикі қамыс қантынан өндірілмек. Осы мақсатта Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант қызылшасының егіс алқаптарын 6,5 мың гектарға (11,6 тонна гектардан 18,1 тонна гектарға дейін) кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жалпы Қазақстанда 4 қант зауыты бар.
Қанттың тапшылығын биліктегілер бұған дейін зауыттар санының жеткіліксіздігімен байланыстырған еді. Өткен жылдың аяғында құмшекердің бағасын реттей алмаған экс-министр Бақыт Сұлтановты алмастырған Серік Жұманғарин «Қазақстанда Түріктің компаниясымен бірлесіп жаңа қант зауытын салу жоспарлануда» деген бастаманың шетін шығарған болатын. Үкіметтің кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ҚР сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жұманғарин жаңа зауытты Жамбыл облысында саламыз деп отыр.
«Елімізде тағы бір қант зауытын салу мәселесі ұзақ уақыт талқыланып келді. Түріктің Konya компаниясымен бірлесіп Шуда қант зауыт салынады. Қазір аталған жобаны қарастырып жатырмыз. Қант саласын дамыту туралы бағдарлама 2025 жылға дейін отандық қант өндірісін 270 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді», - деді Серік Жұманғарин.
Авторы: Сымбат Молдатай