$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Банкроттыққа өтініш берген кезде азаматтар нені білуі керек

Бүгінге дейін 18 мыңнан астам арыз келіп түскен

Банкроттыққа өтініш берген кезде азаматтар нені білуі керек
Фото ашық дереккөзден

2023 жылдың 3 наурызынан бастап азаматтардан банкроттық рәсімдерді қолдану туралы арыздарды қабылдау басталды. Арыздар негізінен е-Gov (94%) және e-Salyq Azamat (6%) мобильдік қосымшасы арқылы түсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының талаптарына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары 15 жұмыс күн ішінде азаматтың мынадай шарттарға сәйкес келуін тексереді:

  • борыш банк, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдында 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы;
  • борыштың өтелмеу мерзімі он екі айдан асуы;
  • некеде бірге алынған мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы (көлік, үй, жер телімі, банктегі депозит және т.б.);
  • банкпен, МҚҰ борыштар бойынша реттеу рәсімінің жүргізілуі.

Тексеріс автоматтандырылған нысанда тіркеуші мемлекеттік органдардың, банктердің және кредиттік бюролардың электрондық деректері базасымен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, жекелеген азаматтардың банкроттықты қолдана алмайтындығы келесі себептермен анықталды:

  • 12 ай ішінде қарыз ішінара өтелгені;
  • борышкерде немесе зайыбында мүлкінің болуы;
  • банкпен не МҚҰ реттеу рәсімін жүргізуі туралы құжаттың болмауы;
  • дара кәсіпкер ретінде тіркелгендігі;
  • атаулы әлеуметтік көмекті 6 айдан аз мерзімде алуы.

Ол азаматтардың телефонына 1414 қызметі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.

Егер мұндай хабарлама алынған болса, соттан тыс банкроттыққа қойылған өлшемдерге сәйкес келсе 3 айдан кейін қайта өтінішпен жүгінуіне болады.

Бас тарту себептерін жою үшін тиісті уәкілетті органга жүгіну қажет:

  • мүліктің болуы, заңды тұлғаларда қатысуы туралы – әділет органдарына (ХҚО, «электрондық үкімет» порталы арқылы);
  • жер телімі, ауыл шаруашылығы жануарлары және арнайы техника бойынша – Ауыл шаруашылығы басқармасы (жергілікті әкімшілікке);
  • автокөлік құралдары бойынша – Ішкі істер басқармасына, Мамандандырылған ХҚО;
  • дара кәсіптің болуы бойынша – аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына;
  • кредит сомасы, қайтару мерзімдері бойынша – тиісті банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттіктерге. Егер банк не МҚҰ немесе коллекторлық агенттіктер тиісті құжат бермесе аймақтық Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөліміне жүгінуге болады.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, егер борышкерге мүлкінің болуына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылған жағдайда, ол тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану үшін жүгінуге құқылы.

Серіктес жаңалықтары