2,6 млн адам банктегі депозиттің өтемақасын алу бойынша өтініш түсірді - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры

Автор: Әйгерім Ердәулет

Депозиттегі сома өткен жылдың 23 ақпанынан бастап, осы жылдың 23 ақпанына дейін сақталуы тиіс

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметіше, 2023 жылдың 10 ақпанына қарай банктер салымдар бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеу бойынша 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштер қабылдауды 2023 жылдың 10 ақпанында аяқтады. Барлығы 2 623 010 адам өтініш берген.

«Түпкілікті өтемақы сомасы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін өзгеруі мүмкін. Өйткені Қағидалар бойынша 10 пайыздық сыйлықақы есептеу үшін депозиттің банкте 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуы міндетті шарт»,-делінген хабарламада. 

Сәйкесінше, салымшы 24 ақпаннан бастап, өз депозитінен ішінара немесе толығымен ақша алуға құқылы.

Бұл ретте өтемақысы жойылмайды. Сыйлықақы салым бойынша банк төлейтін сыйақы мөлшерлемесінен бөлек есептеледі. Сондықтан, салымнан ішінара немесе толық көлемде ақша алу барысында банк шартының талаптарына назар аудару ұсынылады. Онда мерзімінен бұрын ақша алуға байланысты сыйақының немесе оның бір бөлігінің жойылатындығы көзделуі мүмкін.

«10 % мөлшерінде өтемақы төлеуді көздейтін, Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдарына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіндегі жинақ қаражаттарға қолданылды», - деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры. 

Өтемақы сомасының 50% мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің қаражаты есебінен, қалған 50%-ы Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен төленеді.