Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жаңа зерттеу жүргізді
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Талдау орталығы желтоқсанда бірқатар индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында кезекті сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Зерттеу жұмысы қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдарының өкілдерінің, талдау және қазынашылық бөлімшелерінің қызметкерлерінің арасында өтті. Респонденттерден мынадай негізгі индикаторлар бойынша болжамдарға қатысты жауаптар алынды:
«Сонымен, сарапшылар келесі жылы инфляция екі таңбалы болып қалады және жылдың соңына қарай 14,3% (бұрын 13,9%) құрайды деп күтеді. Яғни, елдегі инфляция деңгейі көтеріледі. Елдегі бағаның өсуін тежеу үшін, ең алдымен, фискалдық және монетарлық саясаттың үйлесімділігі бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет»,- деп отыр қаржыгерлер.
Осы орайда сарапшылардың базалық мөлшерлемеге қатысты пікірі былай бөлінді: 66% – ставканың өсуін күтуде, 34% – ағымдағы деңгейде сақтауды күтіп отыр. Бұл ретте мөлшерлемені көтерудің болжамды қадамы қазан шешімімен бірдей-150 базистік тармаққа, яғни 17,5% - ға дейін барады деп болжап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, қаңтар айының басында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 470,14 теңге болады (ағымдағы – 468,12). Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық валюта долларға шаққанда 8,4% - ға әлсіреуі мүмкін.
«Ал бір жылдан кейін теңге 5,7% құлдырап, бір доллар үшін 497,1 теңгеге дейін баруы мүмкін», - делінген хабарламада.
Сарапшылар бір жылдан кейін Brent бағасы барреліне 91,4 доллардан болады деп күтеді. Ал бір ай бұрын – 102,4 доллар болған. Яғни, қара алтын құны да 10,7%-ға құлдырайды.
Осыған қарамастан, олар елдің ЖІӨ-нің бір жылдан кейін өсуі бойынша болжам қалыпты, 2,8% деңгейінде болады деп болжап отыр. (бұрын-2,7%).