2022 жылдың бірінші жарты жылдығында мемлекетке 430 млрд теңге қайтарылған.
2022 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 1300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Жалпы алғанда, 800-ден астам тұлға, соның ішінде, басшылық қызметтегі 140-тан астам азамат ұсталған. Бүгін Azattyq Ruhy сыбайластық пен жемқорлық фактісі бойынша биыл қолға түсіп, тергеуге алынған ең «танымал» адамдар туралы жазады.
"ӨКМ Операторы" мен миллиардтаған пара
Қасіретті қаңтар оқиғасынан ең көп талқыланған әрі президен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жұмысын тоқтатқан мекеменің бірі «ӨКМ Операторы» ЖШС-сы еді. Ұзақ жылдар бойы елге шетелден келетін ескілі-жаңалы көліктерден утилизациялық алым жинап келген компанияның жұмысы халық үшін құпия әрі ашық болған емес. Қаңтар оқиғасынан кейін, 26 қаңтар күнгі мәжіліс отырысында депутаттар мекеме соңғы бес жыл ішінде 691,9 млрд теңге қаражат жинағанын, алайда, ол ақша қайда және қалай жұмсалғаны беймәлім екенін айтып, мәселе көтерген болатын.
"Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнінде толық дерек жоқ... Ашық көздерден алған мәліметтер бойынша, 300 млрд теңгесі автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген. 30 млрдтай ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген. 29 млрд теңгеге жуық ақша ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген, ал 181 млрдтай қаржының қайда кеткені белгісіз! Сонда, бүкіл жиналған қаржының 10% ғана утилизациялық алымға бағытталған ба?!",- деген еді депутат Еділ Жаңбыршин.
Дәл сол күні Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басқарма төрағасы Медет Құрмағалиев пен экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловты қолға түсіріп, Астана қаласының тергеу изоляторына қамады. Оларға сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылып отыр.
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның қаражатына Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жаңартылады деп мәлім еткен еді.
«Бірақ нақты іс-шараның орнына бұл жоспарға тек жақсы ниет жазылған. Сондықтан жоспар орындалмай қалады деген қауіп бар. Ал ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаппай жаңарту туралы өзекті мәселені қосымша қарау керек. Техникалар паркін жаңарту үшін жан-жақты қаржыландыру көзін қарастыру қажет. «РОП операторының есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдікпен несиелендіру тетігін енгізуді тапсырамын», - деді Тоқаев.
«Қос Қайраттың» ісі: Қазақстанның қазынасына қанша миллиард қайтарылды?
Azattyq Ruhy бұған дейін де хабарлағандай, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия Қайрат Сатыбалды, Гүлмира Сатыбалды және Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық істерге қатысты тұлғалардың мемлекетке миллиардтаған қаржыны қайтарып бергенін мәлімдеген еді.
Комиссия ірі мөлшерде, оның ішінде шетелде қылмыстық кірісті заңдастыру белгілері бар неғұрлым резонанстық істерді тергейді. Олардың арасында Қ.Сатыбалдыұлына, Г.Сатыбалдыға, Қ.Боранбаевқа және жоғарыда біз атап өткен «ӨКМ-Операторы» ЖШС-ның басшыларына қатысты істер бар.
«Қазіргі уақытта тергеп-тексеру органдары қабылдаған шаралармен шамамен 230 млрд теңге, оның ішінде оларды шетелдік юрисдикциялардан қайтару жолымен өтелді. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Лихтенштейннен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарды. Тергеп-тексеру органы «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтетті», - делінген комиссия хабарламасында.
Айта кетейік, биылғы резонансты істердің бірі – Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша қыркүйектің соңында сот шешімі шыққан еді. Ол осы жылдың 13 наурызында шетелге қашып бара жатқан жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Жарты жылға жуық уақыт тергеуден кейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 соты 2022 жылдың 26-қыркүйегінде Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыны алты жылға соттады. Сондай-ақ, сот Қайрат Сатыбалдыны мемлекеттік қызметте, Ұлттық Банкте, мемлекеттің үлесі бар ұлттық компанияларда жұмыс істеуге тыйым салды.
Ал, Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша тергеудің аяқталғанына да екі айдай уақыт болды. Дегенмен, оған қатысты сот отырысы әлі басталған жоқ. Бұған дейін хабарлағынымыздай,
Қаржылық мониторинг агенттігі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаев пен оның сенімді адамы Нахановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Ибулла Серді және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Тайырға қатысты істің тергеуін аяқтаған болатын.
«Олар 2019 жылы бақылаудағы «Азиягаз Чунджа» ЖШС арқылы газды жеткізу кезінде Qazaq Gaz ұлттық компаниясының қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жүзеге
асырған. Ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі
Биыл сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қолға түскен елге кеңінен танымал шенеуніктің бірі - Арыстанбек Мұхамедиұлы. Бұрын бірнеше министрлікті басқарған, кейін Ұлттық музейдің директоры қызметінде болған Мұхамедиұлы қазір тергеуде жатыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры А.Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүріп жатыр», - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Бұдан басқа, ресми дереккөз хабарлағандай, Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатысы бар деген күдікке ілінген.
«Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Журналист Махамбет Әбжан неге қолға түсті?
Биыл пара алды деп айыпталған азаматтардың бірі – журналист, блогер Махамбет Абжан. Шілде айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оны БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер тарату қаупімен кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша қаражатын бопсалады деген күдікпен қолға түсірген болатын.
«Арнайы операцияның нәтижесінде азамат М. Абжан 50 миллион теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қ. ПД УҰИ-ға қамауға алынды.М. Абжанның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - деп хабарлап отыр Антикор өзге мәліметтерді құпия қалпында сақтап.
Қымбат көлік, зәулім үй, ат шаптырым жер. Қолға түскен вице-министрдің тағы қандай мүлкі тәркіленді?
Қараша айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қараша айының басында арнайы видео жариялап, Астана қаласында қолға түскен вице-министрдің зәулім үйін, қымбат көліктерін кқрсетті.
Дәлірек айтсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
«Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған», - делінген ведомство хабарламасында.
Соның салдарынан, лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын алды.
Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған.
«Осы жылдың 7 қарашасында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаев ұсталды.
Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді.
Айта кетсек, Тимур Тоқтабаев 2019 жылдың ақпанынан 18 желтоқсанына дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып қызмет атқарған.
Сымбат Молдатай