Соңғы кезде алаяқтардың тәсілдері де өзгерген
Табысыңды арттырып, несібеңді еселеймін дейтіндер сан қақтырып кететін алаяқтарға айналып шығатыны таңсық дүние емес. Azattyq Ruhy тілшісі қаржылық сауаттылықтың маңызы, алаяқтардың әдіс-тәсілі туралы мамандардың пікірін білді.
Қаржылық сауаттылық - заман талабы
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қазір әрбір адамның қаржылай сауатты болуы басты құндлықтардың біріне айналды.
«Себебі қаржылық сауатсыздық өте көп шығынға әкеледі. Отбасылардың ажырасып, әлеуметік шиеленіске алып келеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына, ел дамуының кері кетуіне әсер етіп жатыр. Сондықтан әрбір азаматтың қаржылай сауатты болуы -бүгінгі күннің негізгі талабы. Оның үстіне қазіргі таңда қаржылық алаяқтар да көбейген. Олардың әдістері де заманға сай өзгеріп келеді. Хакерлік шабуылдар, қаржылық пирамидалар бар. Оның барлығы қоғамның шынайы бейнесіне айналды. Несие алу, отбасы бюджетін басқаруда, депозит сияқты қаржы қорын ұлғайтуда қаржылық сауаттылықтың орны өте маңызды. Көп азамат қаржылық сауаттылық үнемдеу деп ойлайды. Бірақ қаржылық сауаттылықты қаржыны орынды, парасаттылықпен жұмсау деп айтатын едім. Қазіргі уақытта өзіңізді дамытуға ақшаны аяудың қажеті жоқ. Өзіңіздің жақындарыңыздың алдында жомарттық танытқан да дұрыс. Бірақ оның барлығы ретімен болуы керек», - деді экономист.
Маманның айтуынша, кейде азаматтар үнемдеп, өзінің ішкі дүниесі мен көңіл-күйін түсіреді. Оның салдары денсаулығына, еңбек өнімділігіне әсер етіп, үйге келіп отырған табыстың өзін ортайтып жібереді. Сондықтан үнемдеудің өзінің орны, реттелігі бар. Оған қаржылық сауаттылық үйретеді.
Халықтың айтуынша, құмар ойындарды ойнауға қаржылық сауаттылықтың болмауының әсері бар. Алайда, құмар ойынға беріліп, тәуелді болатындардың психологиялық себептері болады.
«Оның негізгі себебі сонда тұр. Құмар ойындарда әркез ұтатын ойнайтын адам емес, ұйымдастырушылар мен құрушылар. Кей ойындарда ұтып, жолы болған азаматтар болады. Құмар ойында ұтысқа жеткен адамдар көп уақыт өтпей, өздерін бақытсыз сезінеді. Мысалы, бір алты айдан кейін олар өздерінің бақытсыз екенін айтқан. Бұл жерде қаржылық сауаттылықтың болмауы деуге негіз бар. Мектеп жасынан бастап оқушыларды қаржылық сауаттылыққа оқытса, олар кем дегенде қаржы алаяқтарынан сақтана алады деп айта алатын едік», - деді ол.
Мақсат Халықтың айтуынша, қаржы пирамидаларға алданудың да өз себептері бар.
«Кейбір азамат тез арада байып кетуді көздейді. Олар қаржы пирамидаларына ақша салады. Ал қаржылық сауатты азаматтар ондай пирамиданы ажырата алады. Себебі нарықта депозитке салатын сыйақы мөлшері 10 пайызды құрайды. Онда 1 млн қаржы салсаңыз, жыл соңында 170 мың теңге сыйақы түседі. Ал құнды облигациялар, акциялардың өзі 25-30 пайыз кіріс береді. Қаржы пирамидаларында екі айдың ішінде екі еселеп аласыз дейді. Әрине, қазіргі кезде ай сайын 8 пайыздан алып отырасыз дейтіндер де бар. Олар бір жылда 1 млн салсаңыз, үстінен тағы 1 млн келеді деп айтады. Мұндай бизнес қазір жоқ. Қандай бизнеске ақша салсаңыз да, жылдық кірісі 30 пайыз болады. Сондықтан ақшаңызды аз уақыттың ішінде екі еселеу туралы айтылса, олар бірден қаржы алаяқтарының әрекеті деуге болады. Сол себепті де қаржылық сауаты бар адам, көрсеткіштерге мән беру арқылы ондай дүниелерден бойын алыс ұстайды», - деді ол.
Сарапшы атағандай, қазіргі таңда майнинг, криптовалюта, биткойн сынды дүниелер трендке айналды.
«Алайда, ондайға арнайы білімі бар адамдар кіргені дұрыс. Оның үстіне дәл криптовалюта нарығында қаржы пирамидалары бар. Көп айтылып жүрген биржалардың өзінде өте көп криптовалюталар, тиімді қаржылық пирамидалар арқылы пайда болған. Сондықтан барынша олардан аулақ болған дұрыс. Криптовалюта нарығына кіргісі келетіндер арнайы біліммен кіргені дұрыс. Көп оқудың да қажеті жоқ. Танымал негізгі криптовалюталар бар. Артында мықты командасы бар, әлем бойынша инвестиция салған арнайы криптовалюталарға қоюға болады. Оның өзінде артық қаражат болса ғана. Бірақ соңғы кезде үйін, көлігін сатып биткойн сатып алғандар бар. 5 биткойн алып, оның бағасы түскен кезде салған ақшасының тең жартысын жоғалтқандар да бар. Сондықтан бұл экономика болғандықтан өсу мен түсулер бірге жүреді. Ондай жерде қаражат құюдың қажеті шамалы. Яғни, мұнда жоғалтулар да болуы мүмкін», - деді ол.
Мақсат Халықтың айтуынша, қазір ақшаның формасы өзгеріп келеді.
«Қазір біз цифрлық ақшаға өтіп келеміз. Теңгенің цифрлық нұсқасы жыл соңына дейін дайындалады деп жатыр. Оның барлығы алдағы уақытта криптовалютаның болашағы бар екенін көрсетеді. Жақында ғана әлемдегі танымал британдық криптобиржа саласында понци схемасына ұқсас әрекеттер байқалып жатқанын айтты. Понци дегеніміз қаржы пирамидасының негізін қалаған Чарльз Понцидің атағы берілген алғашқы пирамида. Сондықтан онда да қаржы пирамидалары бар екенін білу керек. Қазір криптовалюталардың бағасы түсіп жатыр, артық ақша болса сатып алуға болады. Бір-екі жылдың ішінде ол табыс беруі мүмкін», - дейді ол.
Экономистің айтуынша, қаржылық алаяқтардың түрі мен формасы өте көп Алада олардың ортақ белігісі тез байып кетуді насихаттайды.
«Тамыр, таныс, достардың арасынан қаржы пирамидасымен айналысушылар келеді. Маған сенбейсің бе деген әңгімеден шығады. Өзінің артынан 2, 4 адам алып келуді насихаттайды. Сондықтан осындай жағдайларды ескере жүру керек. Көп жағдайда азаматтар іштерінен сезіп тұрса да, ақша салады. Ішкі сезімге де берік болған жөн. Ломбард, микроқаржы ұйымдары өздерінде депозит ашып, табыс табуды жарнамалайды. Ислам дінінің атын жамылып, мұсылманшылыққа басатындар да бар. Қазіргі уақытта алаяқтықтар ештеңеден қорықпайды. Бірақ оларды анықтайтын заңды тетіктері де бар. Мысалы, қаржы инвестициясымен айналысатындардың Ұлттық банктен алған рұқсаты болуы керек. Егер ол рұқсат бомаса, оларға алаяқ екенін айту керек. Осындай құжат сұрағанда алаяқ компаниялар Әділет басқармасында тіркелген куәлігін көрсетеді. Бірақ олардың жеке лицензиясы болуы керек.Қазір оны Қаржылық агенттік береді. Компанияның шетелдік немесе отандық екенін сұрау керек, мекенжайы қандай екенін тергеп, сұрау керек. Сол кезде олар сескеніп, сізден ақша сұрауды доғарады. Сондықтан қарыжылық сауаттылық осындай алаяқтықтан құтқаруға жәрдемдеседі деп айтуға негіз бар», - деді ол.
Алданып, сан соққандар
Жақында екі танымал блогер қаржы пирамидасының негізін қалап, ұйымдастырғаны үшін қамалды. Mudarabaһ capital қаржы пирамидасына 162 салымшы 2 миллиардқа жуық қаржы құйған. Осы қаржы пирамидасына қаржы құйғандардың бірі - Арман Салақбаев. Ол бастапқыда жеңіл табыс көзін мақсат етіп, пирамидаға 2 млн теңге салады.
«Бастапқыда өзімнің жинаған азын-аулық ақшам бар еді. Соны екі еселеу бойынша бір ұсыныс келіп түсті. Яғни, оның қаржы пирамидасы екенін мүлдем байқамадық. Себебі біз арнайы келісімшартқа отырдық. Осынша инвестицияны салып, кейін ол нарықта айналып, екі есе болып қайтады деп айтқан болатын. Солай болды да. Мен 2 млн қаржымды салған соң, бір айдың ішінде 2 млн бонус ретінде түсті. Тағы жарты айдан соң өзімнің ақшамды қайтарды. Сонда мен өз қаражатымды екі еселедім. Кейін бұл жұмыс істейтін схема болған соң табысымды көбірек салып, оны қайта екі еселеп қайтарып алуды көздедім», - дейді ол.
Салақбаевтың айтуынша, осының желігімен ол көлігін сатып, үстінен тағы 2 млн теңге қосып, бұл жолы пирамидаға 6 млн ақша салады.
«Бір ай өткен соң, алдыңғы тәжірибе бойынша маған түсім келген жоқ. Олардан сұрағанда, қазір акциялар кешігіп жатыр деді. «Ертең боладымен» алдады. Кейін 1,5 ай өткен соң мен қатты күмәндана бастадым. Өзім сияқты салған адамдармен әңгімелестім. Бір шикілік барын сол кезде білдік. Осылайша, 6 млн теңге желге ұшып, алаяқтардың қалтасын қампитты. Біз акция деп қаржы салған азаматтар, 16 адам қол қусырып қалдық. Оның қаржы пирамидасы болып шығып, танымал вайнерлер қамалғанда барлық үміт үзілді. Бұл жағдайдан кейін мен екі айдай үйден шықпадым, күйзелісте болдым. Себебі адамдардан алған қарыздарым да болған еді», - деді ол.
Біздің тағы бір кейіпкеріміз жолдасы құмар ойын ойнағанының кесірінен ажырасып кеткенін айтты.
Әлемдік сарапшылар ойынға деген құштарлық тәуекелге бейімділік немесе әсерлі эмоцияның жетіспеуінен де тууы мүмкін дейді. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, құмар ойындарды көбінесе екі типтегі адамдар ойнайды.
Олардың басым бөлігі қарабайыр әрі бірсарынды иесі болады. Ал қалғандары тәуекелі жоғары жұмыстарда қызмет етеді. Бірінші санаты күнделікті өмірді әсерлі ету үшін, екінші санаттағылар тәуекелге баруды тұрақты әдетке айналдырғаннан құмар ойынға әуестенеді екен.
Айсауле Меңдешеваның айтуынша, күйеуімен кездесіп жүргенде оның құмар ойын ойнайтынын мүлдем байқамаған.
«Бастапқыда оның ойын ойнап жүргені білінбейтін еді. Себебі ол жұмыс істеп жүрді. Оған қоса, менің оқуым болды. Қосымша кәсібім де бар болатын. Тек қарым-қатынасқа ден қоймаған едім. Өте бір қарбалас кезең болды. Сол үшін де 2 жылға жуық уақыт кездессек те, оның ойынға деген тәуелдігін аңғармадым. Бірінші күннен бастап, алдаулар басталды. Өтірігі шындыққа жанаспай жатты. Қайда кететіні белгісіз, бірге кеттім деген достары онымен емес, басқа жақта жүргенін біліп жүрдім. Сосын таныстарым «сенің жолдасыңың құмар ойын ойнап жүргенін көрдім» дегенді айта бастады. Қаражат жетіспейтін болды. Ол ақшаның қайда кеткенін түсіндіру үшін ойдан бірдеңе құрастырып айтатынды шығарды. Осындай жағдайлар қайталанып кетті. Осылайша, бір күннің ішінде 20 млн теңге тұратын көлігінен ұтылып келген жағдай болды. Оны да әсірелеп, «бір бизнес ашуға салдым, кейін болмай қалды» деп түсіндірді. Осы кезде оның құмар ойын ойнайтынына көзім жетті. Бұл мәселеден кейін мен онымен бір шаңырақтың астында тұрып, бақытты отбасы құра алмайтынымды түсіндім. Ажырасу ғана құтқарды мені», - дейді Айсәуле.
Мәселені шешудің жолдары
Мәжіліс депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі таңда қоғамдағы өте өзекті болып отырған «аурудың» бірі – азаматтарымыздың құмар ойындарына кіріп кетуі.
«Олар өздерін және отбасыларын қиындыққа ұшыратып, болашақ өмірлеріне балта шабуда. Тіпті өздеріне қол жұмсау немесе қылмыстық істерге бару фактілері де жиі кездесуде. Қазақстанда кемі 350 мың адам осындай құмар ойынға араласады деген деректер интернетте ақпарат бар. Бұл дертпен күреспесек, құмарлық қала түгіл, ауылдарды да жайлап бара жатыр. Күресті екі бағытта жүргізген дұрыс. Біріншісі құмарлыққа кіріп кеткен азаматтарды рухани айықтыру. Өйткені мұндай адамдарды лудомания ауруыны шалдыққан деп мамандар айтып жүр», - деді ол.
Жаңбыршиннің айтуынша, жалпы ең бастысы заңсыз ұйымдастырылып отырған құмар ойындарды, олардың жарнамасын және оларға кететін төлемдерді тоқтататын механизм жасақталса біраз мәселені шешуге болады.
«Заң жобасында осы нормаларды қарастырамыз. Сонымен қатар мамандар мен сарапшылар елдегі құмар ойындарға қатысты мәселелерді талдап, зерттеп, есептерін жасайтын болды.Қазақстанда құмар ойындарды ұйымдастыру қаншалықты қажет? Казино өкілдері туризм дамытамыз дегенде уәж айтты. Казиноға немесе букмекерге үйлерінен айырылған, отбасы бұзылған, мүгедек немесе суцид болған адамдардан түскен ақша береке бере ме? Қиындыққа түскен адамдардан жырып алған қаржымен бюджетті толтырмай ақ қоялық. Менің жеке ойым, егер Әділетті Қазақстан тұрғызамыз десек, түбі осы құмар ойындарға елімізде заңмен толықтай тиым салған дұрыс! Нағыз ойнағысы келгендер Лас Вегасқа, Сингапурға, Макаоға, Монакоға барып ойнасын», - деді ол.
Марья Айдарбаева