Республикалық бюджетке 8,4 трлн теңге шамасында кіріс түскен
Жыл басынан бері 10 ай ішінде Мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 104,1%-ке орындалды. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ал республикалық бюджетке 8,4 трлн теңге шамасында кіріс түсті.
«Кірістер бойынша жоспар 179 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар - 89 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 90 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына тиесілі.
Министрдің мәліметінше, жергілікті бюджеттердің кірістері 108,5%-ке атқарылды және 4 трлн теңгені құрады.
«Жоспар 316 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 274 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді ол.
Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 98%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 295 млрд теңгені құрады, оның ішінде 17 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 278 млрд теңге.
«Ең көп игерілмеу сомасы индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкi iстер, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот – фактураларды уақтылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу және т.б. болып табылады», - деді министр.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,1 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 2,6 трлн теңге бөлінген. Оның 94,1%-і игерілген. Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу, 134 млрд теңге игерілмеген.
«Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде: Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну», - деді Ерұлан Жамаубаев.