Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жылда 17%-ға артты

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адамдардың ең төменгі күнкөріс деңгейі әйелдердікіне қарағанда едәуір жоғары

Фото: ашық дереккөзден

Қазан айында елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 48,1 мың теңгені құрады. Бұл – былтырғыға қарағанда 17,1%-ға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары шамасы Маңғыстау облысында байқалды (60,8 мың тг). Одан кейінгі орындарда Астана (52,6 мың тг) және Алматы (51,5 мың тг) қалалары орналасқан.  Бестіктер қатарына Шығыс Қазақстан (50,1 мың теңге) мен Ақмола (48,1 мың теңге) облыстары кірді.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі Қызылорда, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Ер адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің ең төмен көрсеткіші 1-3 жас аралығындағы балаларда (37,3 мың тг), ал ең жоғары көрсеткіш 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде (60,1 мың тг) тіркелді.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 1-3 жастағы қыз балалар үшін – 36,5 мың теңге, 14-17 жастағы қыздар үшін 46,1 мың теңге болып белгіленді.

Елімізде ер адамдардың ең төменгі күнкөріс деңгейі әйелдердікіне қарағанда едәуір жоғары екенін айта кету керек.