Елімізде тұз экспорты 61 есе өскен
Қазақстанда өткен жылы ас тұзының экспорты 61 есеге өсті. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, 11 ай ішінде шет елдерге 6,3 млн АҚШ доллары сомасына 85 мың тоннаға жуық тұз жөнелтілді. Тауардың басым бөлігі Ресей Федерациясы мен Қырғызстан еліне сатылған.
«2019 жылы елімізде 260 мың тоннадан астам тұз өндірілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артық. Тұзбен ішкі нарықты қамтамасыз ету 2019 жылы 143 %-дан (243 мың тонна) асқан болатын», - делінген хабарламада.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2018 жылдың 11 айында экспортқа 102 мың долларға 3 мың тонна тұз шығарылған екен.
Естеріңізде болса, өткен жылы әлеуметтік желілерде қазақстандық тұз құрамында белгісіз қоспалар, оның ішінде шыны бар деген ақпарат тараған еді. Сонда өндірушілер «Славяночка» тұзында табиғи минералдардан тұратын ерімейтін тұнба барын және ол адам ағзасына қауіпсіз екенін мәлімдеп, ресми ақпарат берген. Сондай-ақ ЕАЭО аумағында таралатын барлық ас тұзын тәуелсіз аккредитациясы бар зертханалар тексеріп, сәйкестік декларациясын беріп отырады.