Шараға әлемнің бірнеше елінен ірі компания өкілдері келіп қатысты
Орал қаласында өткен «WestKazInvest-2022» халықаралық инвестициялық форумында Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті мен жаңа өндірістердің, тың жобалардың тұсаукесері өткізілді. Маңызды шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев қатысып, сөз сөйледі.
«Өңірде соңғы үш жылда негізгі капиталға құйылған инвестиция 1,5 трлн. теңгеге жетті. Батыс Қазақстан облысы сыртқы инвестиция тартудан республика бойынша бірінші орында тұр және жаңа кәсіпорындарды өз аумағымызда орналастыруға біз әрқашан әзірміз. Жағырапиялық жағынан қолайлы орналасқандығымыз, дамыған көлік инфрақұрылымы, табиғи қазба байлықтарымыз, жеңіл салық жүйесі, Шығыс және Батыс Еуропадағы ірі мәдени-экономикалық орталықтармен көршілігіміз бұған зор мүмкіндік береді. Бізде мұнайгаз саласына, агроөнеркәсіпке және машина жасауға инвестиция салуға болады. Осы айтылғандардың бәрін ескере отырып, шетелдік инвесторларды іскерлік байланысқа шақырамыз және оларға қолдаудың кез келген түрін көрсетуге кепілдік береміз», - деді Ғ.Есқалиев.
Форум жұмысына Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінен бөлек, Түркия, Израиль, Португалия, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония мемлекеттерінен ірі компаниялар, кәсіпкерлер, билік өкілдері қатысты.
Форум аясында панельдік сессиялар өткізілді. Мәселен, «Цифрлық жаулау – Батысқа инвестиция құямыз!» тақырыбындағы сессия заманауи сандық технологияларды дамытуға арналды.
Батыс Қазақстан облысында 2018 жылдан бері өңірлік IT қауымдастық құрылып, жұмыс істеуде. Оның құрамында 12 озық компания бар. Қауымдастық жанынан өңірлік IT-HUB құрылып, онда жасақталған жобалар қалада кеңінен қолданылуда. Қауымдастық төрағасы Иван Мельников Оралда жүзеге асырылған «Смарт- қала» жобасы туралы айтып берді.
Форумның бас серіктесі «Қазақтелеком» АҚ «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын таныстырды. Жоба аясында компания ауыл кәсіпкерлерімен бірлесіп, елді мекендерге интернет желісін тартпақшы.
Олардан бөлек панельдік жиындарда В.Пустовойтенко (Digital innovation and transformation), А.Әйтімов (ҚазИИТУ), С.Кибальников (Ломоносов атындағы ММУ профессоры), У.Құрбанбаев («EDUS SMART»), Д.Шілдебаев («Smart Parking Technologies»), К.Сырлыбаев (АО «Транстелеком») баяндама жасады.