$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тамақтан артылмайтын табыс

Қазақстандықтардың табысының едәуір бөлігі азық-түлікке жұмсалуда

Тамақтан артылмайтын табыс
TAdviser

Қазақстандық ресми статистика халықтың табыс деңгейі өсіп, республикадағы кедейлер саны азаюда деген дискурс ресми деңгейде кең тараған. Ресми деректер расында да елдегі жұмысшылардың жалақы деңгейі туралы оң бейне қалыптастыруда – соңғы он жылда 19 есе өсім болған. Мәселен, 2000 жылы номиналдық орташа жалақы деңгейі 14 мыңнан сәл ғана жоғары болса, 2022 жылдың 2-тоқсанында бұл көрсеткіш 275 мың теңгені құраған.

Бұл сандарға сенетін болсақ, еліміздегі өмір сүру деңгейі дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындап қалды деген пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда, бұл деректердің соңғы 8 жылда девальвациядан «көз ашпаған» ұлттық валютада берілетінін де қаперден шығармаған жөн. Сонымен қатар, Қазақстан орташа жалақы деңгейі бойынша 87 елдің ішінде 65-орынға жайғасқан. Президенттің тапсырмасымен 1 қаңтардан бастап ең төменге жалақы деңгейі 42500 теңгеден 60000 теңгеге дейін көтерілді (41%-ға өсім). Алайда елімізде үй шаруашылықтарының үштен бір бөлігі ең төменгі күнкөріс деңгейінде немесе одан төмен көрсеткішті көрсетуде.

Орташа номиналдық жалақы – шынайы ахуалды көрсетеді деп айту да қателік. Әлеуметтің шынайы ахуалын көрсететін бірден бір индикатор – оның тапқан табысының қандай мақсаттарға жұмсалатыны. Қарапайым тілмен айтсақ – шығындары. Қазіргі таңда елімізде тапқан табысының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсайтын азаматтар саны артуда. АҚШ Ауылшаруашылық министрлігінің құрастырған рейтінгіне сәйкес, Қазақстан Еуропа мен ТМД елдерінен бұл көрсеткіш бойынша озып, 104 елдің ішінен 96-орынға жайғасқан. Яғни аутсайдер соңғы ондықтағы елдер тізіміне енген.


Әлем елдері арасындағы азық-түлікке жұмсалатын табыс үлесінің көрсеткіші, % (Дереккөз: Vox).

Дамыған батыс елдері азық-түлікке табыстың 8–15%-ын жұмсайтын болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 50%-ды құраған. Негізгі қажеттіліктерді сатып алуға кететін шығынның көрсеткіші соңғы бес жылда шарықтап өсіп келеді. 2021 жылдың 2-тоқсанында ол 51,4%-ды құраған.

Мысалы, дамыған Люксембург, Нидерланды, Ұлыбритания, Ирландия, Германия сияқты елдердің азаматтарының табыстарын азық-түліктен бөлек ойын-сауыққа, демалысқа, сырттан тамақтануға және басқа да мақсатта жұмсауға мүмкіндіктері бар.


Еуропа елдерінің ішінде азық-түлікке жұмсалатын табыс үлесі (2020; дереккөз: Курсив)

Жоғарыдағы рейтингте Қазақстан соңғы орынға ие болған. Азаматтардың тең жартысы азық-түлік дүкендерінде табысының жартысын тастап кетеді. Мәдени шаралар мен демалысқа кететін шығынның үлесі өте төмен – 1,7%, а кафелер мен ресторандарда отандастарымыз (рейтингте ең төменгі көрсеткіштердің бірі) табысының 2,9%-ын ғана тастайды. Әлемдік Numbeo мәліметтер базасына сәйкес, Қазақстан сатып алу қабілеті бойынша да аутсайдерлік позицияға ие. Нақтырақ айтар болсақ, еліміз бұл рейтингіде 139 мемлекеттің ішінде 71-орында.

Әл-ауқаты жоғары мемлекеттерде азаматтар тапқан табысының азық-түлікке кететін үлесі 15%-дан аспайды.

Жоғарыдағы инфографикадан аңғаратынымыз – 2020 жылы Люксембург, Нидерланды және Ұлыбритания сияқты елдерде бұл сан 11 пайызға да жетпеген. Ресей мен Беларусьте бұл үлес 30% және 32%-ды құрайды. Камбоджаның өзі бұл рейтингте Қазақстаннан жоғары тұр. 

2000-жылдардың ортасында қазақстандық отбасы орта есеппен табысының 40%-ын тамаққа жұмсаған болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде 53,8%-дан 58,5%-ға дейін жеткен. Осылайша, «тарихи максимумын» көрсетуде.  


Қазақстан отбасыларының азық-түлікке жұмсайтын табыс бөлігі бойынша жасалынған аймақаралық рейтинг. 2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы бұл көрсеткіш 61,5%-65,6% аралығында болған (дереккөз: Ranking.kz).

Соңғы айлардағы қымбатшылық қазақстандықтардың қалтасына әсер етпей қоймады. Статистикаға сүйенетін болсақ, ағымдағы жылдың I тоқсанында қазақстандық отбасы орта есеппен 377 мың теңге жұмсаған (немесе айына 125 мың теңге). Бұл көрсеткіш 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларына қарағанда 15%-ға жоғары. Сонымен қатар, қазақстандықтар тұтыну көлемін азайтпаған. Жалпақ тілмен айтар болсақ, отбасылық бюджетте табыстың жартысынан көбі тамаққа кетеді.

Азық-түліктен басқа да қажеттіліктерге қазақстандықтар табыстың төрттен бір бөлігін (23%), ақылы қызметтерге 17%, несиелерді төлеуге 6% жұмсаса, басқа шығындар табыстың 5%-н  құрайды.

Азық-түлікке кететін отбасылық бюджеттің үштен бір бөлігі (32% немесе 122 мың теңге) ет сатып алуға кетеді. Екінші орында жарма және нан өнімдері – 53 мың теңге немесе 14%. Табыстың 10 пайызы (35,5 мың теңге) сүт, ірімшік сатып алуға жұмсалады екен. Үйден тыс тамақтануға қазақстандық отбасылар салыстырмалы түрде көп жұмсамайды: бар болғаны 3%.

Ұлттық статистика бюросының мамандары осы тақырып аясындағы мәліметтерді әрбір тоқсан сайын іріктемелі зерттеу нәтижелері негізінде жариялап отырады. Сауалнама барлық өңірдегі 12 мың отбасы арасында жүргізіледі.

Табыстың негізгі көзі жалақы екенін ескерер болсақ, жұмысты жоғалтқан адам дымсыз қалатыны белгілі. Әлеуметтанушылардың айтуынша, қазақстандықтардың едәуір бөлігі ақша жинауға мүмкіндігі жоқ, тиісінше жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Сонымен қатар, жинағына «қол сұғып», қарыз алудан басқа амалы қалмайтындардың үлесі ұлғаюда (олардың ішінде азық-түлік алу үшін несиеге жүгінетіндер де аз емес). Тұрмыстық техника, үйді жөндеу, көлік, пәтер сатып алу жайлы айтпаса да түсінікті.

2017 жылдан бері үнемдеу режиміне көшкен халықтың үлесі өсуде. Адамдар өздерін демалыстан, ойын-сауықтан, киімнен, дәрі-дәрмектен және медициналық қызметтердің шарапатынан айырады. Әрбір үшінші отбасы тамаққа ақша үнемдейді: бұл дегеніміз толыққанды емес рацион. Қазақстандық отбасылар арасында кейінге қалдыруға, болашаққа инвестицияға салуға немесе балалардың жан-жақты дамуына жұмсауға болатын қаражаты жылдан жылға азаюда.

Қазақстандық отбасылардың табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайтыны екі нәрсені аңғартады. Біріншіден, елдегі жалақы көлемі төмен, ал екінші жағынан – азық-түлік бағасының қымбатшылығы. Сондықтан отандық өндірістің көлемін арттыру және олардың бағасын төмендетуге бағытталған шұғыл шаралардың қабылдануы қажет. Алайда азық-түлік өндірісін дамыту – бөлек талдауды қажет ететін ауқымды тақырып. Және бұл орайда проблемалар өте көп: шикізаттың жетіспеушілігі және ірі ретейлердің сөресіне оларды жеткізу тағы бар. Мүмкін, салықтық жеңілдіктер және ауылшаруашылық секторындағы кәсіпорындарға жеңілдік беру «жараны жеңілдетуге» септігін тигізер.

Серіктес жаңалықтары