Ұлттық Банк маусым айында интервенция жүргізген жоқ – Иван Сердюк

Автор: Azattyq Rýhy

Маманның айтуынша қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады

фото: Ұлттық банк

Ұлттық Банк маусым айында интервенция жүргізген жоқ. Бұл туралы Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әдеттегідей, маусымда жүргізілген валюта нарығындағы операцияларымыз бойынша ақпаратты, яғни, алтын-валюта активтері болсын, Ұлттық қор немесе БЖЗҚ болсын, біз келесі айдың бірінші жұмыс күнінде жариялаймыз», - деді ол.

Сонымен қатар, бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор атынан шетел валютасы сатылды, маусым айының басынан бері оның көлемі 408 млн АҚШ долларын құрады.

Сондай-ақ, ол теңгенің құбылмалы айырбас бағамы мәселесіне тоқталды.

«Наурыздан бастап теңге бағамының құбылмалылығы 1,2%-ға бағаланып келеді, салыстырмалы түрде Бразилия реалының осы уақыт ішінде құбылмалылығы – 1,2%, Мексика песосы – 0,7%, дамыған нарықтардан: фунт – 0,7%, еуро – 0,6%. Бұл көрсеткіштер еркін өзгермелі бағыттың толыққанды режиміне бейілділікті көрсетеді, бұл экономиканың теңгерімсіздігін абсорбациялауға және елдің алтын-валюта активтерін сақтауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Иван Сердюк.

Оның айтуынша, валюталар бағамы сыртқы іргелі факторлардың өзгерістеріне тікелей сәйкес келмейді, соңғы күндері көріп отырғанымыздай, ішкі факторлар басымырақ ықпал етуде.