Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5%-ды құрады
Парламент Мәжілісіндегі отырыста Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов мұнай бағасының артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Макрокөрсеткіштердің болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды. Мәселен, жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5%-ды құрады.
Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 98 АҚШ доллар болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының 2022 жылы мұнай бағасы бойынша болжамы 74 АҚШ доллардан 105 АҚШ долларына дейін қалыптасуда. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды», - деді Тимур Жақсылықов.
Оның айтуынша, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін төмендетті. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді.
«Республикалық бюджеттің кірісі 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл – бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш. Кірістер мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша ұлғаюы мүмкін. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 030 млрд теңгеге дейін, немесе 1 630 млрд теңгеге ұлғайтылады», - деді Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы.