Бағалы қағаздар нарығында индекс төмендеді – KASE

Автор: Azattyq Rýhy

Агенттік қор нарығының жүйелі тәуекелдеріне күшейтілген бақылауды қамтамсыз етеді

2022 жылғы 24 ақпан – 5 наурыз аралығындағы кезеңде сыртқы тәуекелдердің іске асырылуына байланысты Қазақстанның бағалы қағаздар нарығында жоғары құбылмалылық байқалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, KASE индексі көрсетілген кезеңде 8%-ға 3478,38 тармақтан 3202,66 тармаққа дейін төмендеді.

«Базалық мөлшерлеме 13,5%-ға дейін көтерілгеннен кейін ақша нарығының мөлшерлемелері тиісінше жауап қайтарды – ақша нарығындағы теңгелік өтімділікті тартудың бір күн мерзімі бар орташа алынған құны 24 ақпанда 14,42%-ға дейін көтерілді және ағымдағы сәтте  14,21%-ға дейін төмендеді.

Базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру кірістілігі жылдық 12,9%-13,2%-ға дейін өсті.

Қор биржасының ресми тізімінде ағымдағы сәтте 229 эмитенттің 559 атауы бар мемлекеттік бағалы қағаздар бар, оның ішінде акциялардың 9 шығарылымы, облигациялардың 22 шығарылымы және Ресей эмитенттері пайларының 3 шығарылымы. Осы жылдың 5 наурызынан бастап «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) көрсетілген бағалы қағаздарды Т+0 схемасы бойынша толық қамтамасыз етуге аудару туралы шешім қабылдады. Бұл ретте ағымдағы сәтте бұл бағалы қағаздармен сауда-саттық тоқтатыла тұрды», - делінген ведомство хабарламасында.

Капитал нарығында санкциялық тәуекелдер санкцияларға немесе қаржылық шектеулерге тап болған эмитенттердің бағалы қағаздары бойынша нарықтық бағалардың төмендеуіне байланысты кәсіби қатысушылардың инвестициялық портфельдерінің құнсыздануы түрінде іске асырылды.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың өтімділігі жоғары активтерінің 8%-ы Ресейлік эмитенттердің бағалы қағаздарымен ұсынылған. Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың инвестициялық портфельдеріне құнсыздану және капитал жеткіліктілігі мен өтімділік коэффициенттеріне тиісті әсер ету тұрғысынан стресс-тестілеу жүргізді. 

«Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша белгіленген пруденциялық талаптарды бұзушылықтар байқалмайды. Агенттік қор нарығының жүйелі тәуекелдеріне күшейтілген бақылауды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың заңнама талаптарын орындау бөлігіндегі орнықтылығын жүйелі бағалап отыруды қамтамсыз етеді.

Қор нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету және жүйелі тәуекелдерді барынша азайту мақсатында KASE жоғары тәуекелді құралдарға қатысты қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды арттырады. Бағалы қағаздар нарығындағы жоғары құбылмалылыққа байланысты әлеуетті маржин-коллдарды күнделікті мониторингтеу жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, капитал нарығының тәуекелдері бірқалыпты деңгейде сақталуда және қазіргі уақытта қаржы нарығына қатысушыларға едәуір әсер етпейді», - делінген ведомство хабарламасында.