ШҚО-да 2 млрд теңгеге салынған кәспорынның өнімдері небәрі екі дүкенде ғана сатылады

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпорын балық шаруашылығымен айналысады

Шығыс Қазақстан облысында 2 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған кәспорын тек екі дүкенді ғана өз өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 2017 жылы жұмысын бастаған «OstFish» компаниясы Ұлан ауданында орналасқан. Ашылған кезде жыл сайын 45 тонна бекіре мен төрт тонна қара уылдырық өндіруді жоспарлаған екен.

Аталған кәсіпорын ашылғанда жергілікті тұрғындардың қуанғаннан төбесі көкке екі елі жетпеген еді. Себебі ауылдың іргесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, балық өнімдеріне сұраныс артады деп жұрт үлкен үміт артқан. 2018 жылы кәсіпорынның жұмысымен танысуға шенеуніктер келгенде 2022 жылға қарай «OstFish» компаниясы жыл сайын 45 тонна бекіре мен төрт тонна қара уылдырық өндіруге қауқарлы екенін айтқан. «Балапанды күзде сана» дегендей, төрт жыл өтіп, уәделі мерзім де таяды. Бірақ, қыруар қаржыға салынған кәсіпорынның өнімдерін қаладағы кез-келген дүкен сөрелерінен таба алмайсыз. Тіпті, тұрғындардың өзі ШҚО-да осындай өндіріс орнының бар екенін бізден естіп таң қалды.

«Өңделген балық өнімдерін бізге басқа өңірден әкелетін еді. Дәл қаланың іргесінде мұндай кәсіпорын бар екенін бірінші рет естіп тұрмын. Бар болса өнімдерін неге саудаға шығармайды? Сатылымға қойса, қуана-қуана алатын едік қой», - дейді Арман Жеңісов есімді жергілікті тұрғын.

Ал өзге тұрғындар «OstFish» компаниясының өнімдері кез-келген дүкеннен табылмайтындын және бағасы да қолжетімсіз екенін айтып отыр.

«Бұл компания осыдан біраз жыл бұрын ашылды. Ашылғаны жақсы. Жаңа өндіріс орны пайда болды. Бір кемшілігі – өнімдерін кез-келген сауда орнынан таба алмайсыз. Әлде басқа жаққа жібре ме, білмедік. Мемлекеттен қаржы бөлініп салынғаннан кейін халықты өнімдерімен қамтамасыз етуі керек қой. Бағасын да қолжетімді қылып қойса тіпті жақсы болар еді. Тұтынушының қалтасымен де санасқаны абзал болар», - дейді тұрғын Мұрат Ниязбекұлы.

Инвестициялық жобаның құны – 1 млрд 881млн теңге

Аудан әкіміндігінің мәліметінше, инвестициялық жобаның құны – 1млрд 881млн теңгені құрайды. Алайда, жергілікті тұрғындардың көбі ол жерде өндірілген балықты жеу былай тұрсын, өңірде мұндай кәсіпорынның бар екенін де білмейді.

«OstFish компаниясы жұмысын 2017 жылдан бастады. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 1 млрд 881 млн теңге. Оның ішінде 282 млн теңге өз сомасы, ал бір миллиард 599 млн теңге (90,36%) несиелік қаржы. Кәсіпорын бекіре тұқымдас балықтың етін және тағамдық қара уылдырығын саудалайды. Қазір мұнда балықтарды азықтандыру, сұрыптау, жетілген аналық пен аталық балықтарды іріктеу және уылдырық алу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Ұлан ауданы əкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева.

Айта кетейік, аталған орында сібір бекіресі, орыс бекіресі, бестер будан түрлері өсіріледі екен. Мұнда небәрі сегіз адам жұмыс істейді. Биыл қаңтар мен қазан айы аралығында бір адамның орташа жалақысы – 205 667 теңгені құраған. Ал жоба алғаш іске қосылғанда кәсіпорын 15 адамды жұмыспен қамтимыз деп жоспарлапты.

Аудан əкімі орынбасарының айтуынша, кәсіпорын өз өнімдерін тек екі сауда орындарында ғана саудалап отыр.

«Кәсіпорын жобалық қуаттылығына шықпау себебінен өз өнімдерін Өскемен қаласындағы Қаныш Сәтбаев даңғылы бойында орналасқан «Оливье» сауда дүкенінде және Саратовка ауылының маңында орналасқан "OstFish" ЖШС өндіріс орынында саудалап отыр», - дейді Лязиза Кенжетаева.

Тұрғындардың пікірінше, «OstFish» компаниясы өнімдерінің бағасы қарапайым халық үшін қымбат. «Оливье» дүкеніндегі 180 граммдық қара уылдырық бағасы – 70 мың, ал 90 граммы – 35 мың теңге.

Жоспардың жартысы да орындалмаған

Кәсіпорын жетекшісі бастапқы жоспарды уақытылы орындай алмағанын мойындап отыр. Серіктік енді аяғынан тұрып келе жатыр деп ақталды ол.

«Алғашында Алматы мен Қарағандыдан шабақтар әкелдік. Биылдан бастап балықтардан уылдырық алып жатырмыз. Мамыр айында Астраханьнан арнайы маман шақырттық. Келер жылы балықтарды жасанды жолмен көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының Алтай филиалымен келсім-шарт жасаймыз. Себебі Қара ертіске шабақтар жіберуіміз керек», - дейді «OstFish» ЖШС өндіріс орынының басшысы Рашид Альчинбаев.

Кәсіпорын басшысы жоспардың орындалмауын өндіріс орнының бір жылға кеш ашылғанымен байланыстырып отыр.

«Біз негізі 2016 жылы ашылып қоюымыз керек еді. 2017 жылы құртшабақтарды алып келдік. Олар 2020 жылы ғана жетіліп өнім бере бастады. Негізі жетілген балықтың салмағы 2.5 килограмм болуы керек. Биыл 150 килограмм уылдырық, 10-12 тонна балық етін ала бастадық. Қазір мұнда 7000 балық бар. Өнімімізге Еуропа елдері қызығушылық танытып жатыр. Тапсырысты енді-енді қабылдай бастадық», - дейді Рашид Альчинбаев.

Айта кетейк, мұнда тұрғындардың өз қармағымен келіп балық аулауына жағдай жасалған. Кәсіпорынның жер аумағы 5,6 га. Үш балық өсіру нысаны бар. Әрқайсы 4500 шаршы метр. Сыртынан қарағанда едәуір үлкен көрінгенімен өндірістік қуаттылығы көңіл көншітпей тұр. Себебі бастапқы жоспардың жартысы да орындалмаған.

Таунар Қайратұлы ШҚО