ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанда малдың қырылуына қарамастан ет экспортына шектеу қойылмайды – Сауда министрі

Әсел Оршыбекова

Дегенмен, өндірушілер алдымен қазақстандықтарды толық қамтуы тиіс

Inbusiness.kz

Еліміздің батыс өңіріндегі қуаңшылық салдарынан мыңдаған бас малдың қырылуы Қазақстанның ет экспортына әсер етпейді. Мұндай мәлімдемені Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Министрдің сөзіне сенсек, елімізде мал еті өнімдерінің тапшылығы болған жағдайда, экспорттық шектеу мәселесі қаралуы мүмкін. Алайда, шетелге ет тасымалын толыққанды тоқтату күн тәртібінде қарастырымаған.

«Ет болсын, басқа өндіріс болсын, ең бірінші өз халқымызды қамтамасыз етуіміз керек. Ал ары қарай экспортқа мүмкіндік болса, оны да біз қолдауымыз керек. Өйткені ол валюталық кірісті қамтиды. Яғни, фермерлерге бұл жақсы табыс көзі. Бірақ елде ет өндірісі тапшы болып жатса, әрине экспортты шектеуге қатысты жоспар бар. Ведомствоаралық комиссия дер кезінде тиісті шешімдерді қабылдайтын болады. Ал әзірге экспорт көлемі азаймайды», - деді Бахыт Сұлтанов.

Еске салайық, биыл Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында қуаңшылық болып, шаруаның төрт түлігі жаппай қырылып қалды. Жерге жем-шөп таппаған мыңдаған жылқы мен сиыр арам қатқан. Қазіргі таңда өзге облыс тұрғындары екі облысқа жем-шөппен көмек жолдап жатыр. Ал, жағдайды бақылауында ұстай алмаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қызметінен босатылды.