«Эйр Астанада» басталған тексеріс дұрыс жүрсе билет құны 5-7% түседі - Сарапшы

Автор: Azattyq Rýhy

Компанияда шетелдік пилоттар 10  мың АҚШ долларын алады. Оған пәтері, іс-сапар ақысын қосқанда, бұл сомма 15-16 мың АҚШ долларына дейін артады. Ал отандық ұшқыштар 3-3,5 АҚШ долларына жұмыс істейді.

livejournal.com

Сарапшы Денис Кривошеев билет бағасына қатысты мәселенің екі қыры бар деп есептейді. «Мемлекет елдегі ең ірі монополиске қарсы тергеуді бастағаны өте орынды. Біріншіден, билеттің қымбаттығы компания қызметінің әртараптығына да байланысты. Мысалы, олар халықаралық ұшу бағыттарына басымдық береді де, коммерциялық тұрғыдан жақсы пайда табады. Ал ішкі рейстер үшін қосымша лоукостер ашу арқылы өздерін шығынға баттық деп көрсеткісі келеді. Яғни «Флай Арыстанды» іске қосу деп жүріп, халықаралық рейстердің де бағасына ырық беріп қойды. Бұл жәй ғана сылтау", - дейді экономист.  

«Жалпы «Эйр Астана» мереке немесе демалыс күндері бағаны шарықтатып жібереді. Ал әлемнің әуе компанияларында мұндай тәжірибе жоқ. Керісінше, тасымалдаушылар бағаны қалыпты ұстауға тырысады. Ал бізде басқаша. Олар бәрін девальвацияға артады. Бағалардың доллармен қойылатыны рас. Себебі, авиация әлемде доллармен байланысты сала. Бірақ назар аударсаңыз, доллармен есептесетін тасымалдаушыларда билет бағалары қымбат емес. Еуропаға ұшқанда өзге компаниялардан  мұны сезуге болады. Мен өзім ұшып көрдім. Шамамен 86 АҚШ долларына Рим мен Вена арасына жетуге болады. Орташа баға ары кетсе 100 АҚШ долларына тең»,  - дейді Кривошеев.

Авиакомпанияда 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның қатарында 38 ұшақ болса, бір ұшаққа 168 адамнан келеді. Сарапшы мұнымен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі айналысуы тиіс екенін айтады. Шетелдік мамандарды жоғары жалақыға отырғызып қою компанияның қаржылық моделіне тікелей әсер етеді. Сондықтан билеттің қымбат болуы айтпаса да түсінікті. 

Оқи отырыңыз: «Эйр Астана» және «Scat» әуекомпанияларына қатысты монополияға қарсы заңнаманы сақтау туралы тергеу басталды

«Осы жолғы тексеруден не күтуге болады? Меніңше біздің монополистің шетелдік қызметкерлерді асырап отырғаны әшкере болады. Біз ұлттық компанияның жұмысын жергілікті мамандармен-ақ ұйымдастыра алатынымызды айтып жүрміз.  Мысалы «Қазатомпром» компаниясын шетелдіктер басқарып отырған жоқ. Мұнда да сол сияқты. Фостер аспаннан алып, жаңалық енгізіп жатқан жоқ. «Эйр Астана» компаниясының құрамындағы барлық шетелдік мамандардың орнына қазақстандық мамандар келсе, бәрі құрдымға кетеді деген «ертегіге» сеніп келдік. Мысалы шетелдік пилоттар 10 мың АҚШ долларын алады. Оған пәтері, іс-сапар ақысын қосқанда бұл сомма 15-16 мың АҚШ долларына дейін артады. Ал отандық ұшқыштар 3-3,5 АҚШ долларына жұмыс істей алады. Өз пилоттарымыздың жалақысын көтеруге, жас мамандар даярлауға  әсер етсек, үнемнің арқасында билет бағасын да 5-7 пайызға дейін арзандтуға  болады», деп ойын түйіндейді Денис Кривошеев.

Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті дамыту және қорғау комитеті «Эйр Астана» мен «Скат» әуе компанияларына қатысты монополияға қарсы заңнаманы сақтау туралы тергеу басталғанын «Azattyq Ruhy» ақпараттық агенттігі бұған дейін жазған болатын. Авиабилеттерге жоғары баға белгілеу дерегі бойынша «Эйр Астана» компаниясының баспасөз қызметі пікір білдіруден бас тартты. Кәсіпорын өкілдері тергеу барысында ештеңе айтпайтындарын мәлімдеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы