Ресейлік компанияның болашағы бұлыңғыр дейді мамандар
Бүгін халықаралық Didi Chuxing такси қызметі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ресми түрде қызметін бастады. Компанияның бір ерекшелігі – оның жергілікті таксопарктермен тікелей жұмыс істеуінде. Тұтынушылар үшін екі тариф таңдау мүмкіндігі бар – «эконом» және «комфорт».
Ал, соңғы күндері тұтынушылар тарапынан Didi қосымшасы қазақстандық нарықта де-факто монополист болып үлгерген ресейлік «Яндекс.Такси» қызметін ығыстыра ала ма деген мәселе көтерілді.
Осы тақырыпқа орай америкалық Eurasianet басылымында журналист Крис Риклтонның мақаласы жарық көрген еді. Автордың сөзінше, қытайлық компанияның қазақстандық нарыққа кіруі – «Яндекс.Такси» компаниясының бизнесіне едәуір нұқсан келтіріп, болашағын бұлыңғыр етуі мүмкін. «Uber-slayer» (Убер такси қызметін «жоюшы») деген атпен танылған қытайлық компания нарықты қысқа уақытта жаулап алатын әлеуеті бар.
Қазіргі кезде «Яндекс.Такси» қосымшасы G-Taxi атты қазақстандық жеке компанияның патентін бұзғаны туралы 19 мамырда шыққан сот шешіміне шағымдануда. Егер сот шешімі өзгеріссіз қалса, ресейлік компания Қазақстан территориясында қызмет көрсету құқығынан айырылады.
Eurasinet шолушысының айтуынша, «Яндекс» компаниясын сотқа берген G-Taxi «өлі» компаниялардың санатына жатады және соңғы жеті жылда бар-жоғы 20 доллар салық төлеген. Алайда, «Яндекс» компаниясы G-Taxi-дың арызы негізсіз және «аталған функцияларды кез келген такси қызметі қолданады» деп наразылық білдірген.
Автордың айтуынша, «Яндекс» өзінің бизнесін жергілікті таксопарктермен келісім-шарт жасап кеңейткен, ал Didi Chuxing компаниясының жұмыс істеу механизмі одан өзгеше.
Мамыр айында қытайлық компанияның өкілі қазақстандық такси нарығының 2014-2018 жылдар аралығында 50 пайызға өскенін және қызығушылық бар екенін жеткізген болатын. Нарыққа еніп жатқан компания халыққа сапалы, қауіпсіз және ыңғайлы қызмет көрсетеміз деп уәде берді.
Автордың айтуынша, қытайлық Didi Chuxing – такси қызметін көрсететін Қытайдағы ең ірі және әлемдегі жетекші қосымша. Компания өз бизнесін әлемдегі ондаған елде жүргізуде. Оның ішінде Ресей де бар: өткен жылдың қазан айында Қазан қаласында компания алғаш рет өз жұмысын бастады және қазіргі кезде басқа да қалаларды жаулауда.
«Егер де Ресейде «Яндекс» жергілікті тұтынушылар тарапынан кеңінен қолдау тапса, Қазақстанда бұл компания қиын сәтке дайын болғаны абзал», - дейді сөз соңында автор.