Музыка, кино, сән, дизайн: Қазақстанда креативті экономиканы дамытуға қажет адами капитал жеткілікті ме?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандағы креативті экономика нарығы және оның пайдасы

көрнекі сурет

Осыдан бірер күн бұрын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен экономиканың креативті секторын дамыту жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Отырыста осы салаға жатқызуға болатын дизайн, өнер, сән, кино, музыка, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық технологиялар, компьютерлік графика, компьютерлік ойындар, баспа ісі, архитектура, маркетингке қатысты 14 бағыт бойынша 55 қызмет түрін қосу ұсынылған болатын.

Azattyq Rýhy тілшісі экономиканың креативті секторы дегеніміз не, елімізде экономиканың бұл түрі қалай дамығанын Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен сұрап білді.

КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ӘЛЕМ ТӘЖІРИБЕСІ

Автоматтандырудың, роботтандырудың, 3D-басып шығарудың және жасанды интеллекттің әлемдік экономикаға әсері күшейген кезде ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда азаматтардың нарықта сұранысқа ие ерекше шығармашылық өнім (контент) өндіру қабілеті маңызды мәнге ие.

Осыған байланысты әлемнің көптеген елінде шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншік құқығын басқару (компьютерлік ойындар, киберспорт, сән, сәулет, дизайн, кино, музыка, жарнама, медиа және т.б.) есебінен қосымша құн қалыптасатын креативтік индустрияларды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.  

Соңғы жеті жылда Сингапурда, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Канадада, Ұлыбританияда және басқа да бірқатар мемлекетте креативтік экономиканы дамытудың ұлттық стратегиялары мен бағдарламалары қабылданды.

Орнықты және инклюзивтік экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі, сондай-ақ халықаралық теңсіздікті азайтудағы креативтік индустриялардың маңыздылығын түсіне отырып, 2019 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 74 сессиясы 2021 жылды орнықты даму үшін креативтік экономиканың халықаралық жылы деп жариялады.

Бүгінде креативтік индустриялар әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3%-ын құрайды. Дамыған елдерде креативтік индустриялардың ЖІӨ-дегі үлесі 12%-ке жетеді.

Креативтік индустриялардың Қазақстан экономикасына үлесі салыстырмалы түрде жоғары емес, 1%-дан аз.

ҚАЗАҚСТАНДА КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКА БАР МА?

Соңғы жылдары көптеген жас қазақстандықтар халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие жоғары сапалы креативтік өнім жасау қабілетін байқатуда. Біздің азаматтарымыздың музыка, кинорежиссура және ойын-сауық контентін жасау секілді салалардағы ерекше жетістіктері атап өтілуде.

Мұның бәрі креативтік индустриялардың ел экономикасы үшін ғана емес, қазақстандық мәдениетті ілгерілетудегі, сондай-ақ жастардың өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасаудағы жоғары әлеуетін көрсетеді.

КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКАҒА МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАРЖЫ, ҚАНДАЙ ДА ҚОЛДАУ БАР МА?

Қазақстанда креативтік индустрияларды дамыту мәселесі туризмді дамыту, индустриялық-инновациялық даму, «Цифрлық Қазақстан», «Бизнестің жол картасы-2025» және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламаларында ішінара көрсетілген. Жергілікті деңгейде креативтік экономиканы дамыту бойынша да шаралар қабылдануда. Мысалы, Алматыда «Алатау» креативтік хабы» ашылып, қала әкімдігінде шығармашылық индустриялық басқарма құрылды. Сонымен бірге, креативтік саланы қазақстандық экономикалық өсудің жаңа нүктесі ретінде қалыптастыру креативтік индустрияларға қатысты мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, міндеттері мен күтілетін нәтижелерін көрсететін тұтас стратегиялық құжат әзірлеуді талап етеді.

Осыған байланысты Креативтік индустрияларды дамыту тұжырымдамасы әзірленетін болады. Бұдан басқа, ұлттық экономиканың болашақ локомотиві ретінде креативтік саланы тиімді дамыту үшін қажетті неғұрлым маңызды нақты шаралар ұлттық жобаларда көрсетілетін болады.

Халықаралық тәжірибені талдау креативтік индустриялардың табысты дамуы көбінесе бәсекеге қабілетті шығармашылық өнімді құруда негіз болып табылатын ұлттың мәдени кодымен тығыз өзара байланысымен айқындалатынын көрсетеді. Бұл ретте мемлекеттің басты міндеті - таланттарды басқарудың тиімді инфрақұрылымын қамтамасыз ету, оларды коммерцияландыру және экспорттық нарыққа шығару болып табылады. Сондықтан креативтік экономиканы дамытуды үш негізгі бағытта жүзеге асыру ұсынылады.

КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКА ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛАДЫ?

Креативтік индустрияның негізі қалыптан тыс ойлай алатын және сапалы шығармашылық өнімдерді жасау үшін қолжетімді технологияларды қолдана алатын адамдар болмақ. Осыған байланысты азаматтарды шығармашылық қызметке ынталандыратын ортаны қалыптастыру маңызды.

Ол үшін білім беру жүйесіне креативтік ойлау дағдысын дамыту бағдарламаларын енгізу жоспарлануда (creative thinking).

Бұдан басқа, жергілікті деңгейде әлеуметтік инфрақұрылым нысандары (кітапханалар, мәдениет сарайлары және т.б.) азаматтар бір-бірімен өзара іс-қимыл жасай алатын, сондай-ақ қажетті білім мен технологияларға қол жеткізе алатын заманауи креативтік хабтар мен студияларға кезең-кезеңімен өзгертілетін болады.

Екінші - таланттарды кешенді басқару. 

Таланттарды басқару жөніндегі жүйелі жұмыс креативтік экономиканы дамытудың маңызды құрамдас бөлігі болуға тиіс. Бұл үшін ғылым, мәдениет және қазіргі заманғы шығармашылық саласындағы Ұлттық хаб құрылады. Ол «жұлдыздар фабрикасы» форматында шығармашыл қазақстандықтарды кәсіби іздеумен, іріктеумен, дамытумен және ілгерілетумен айналысады. Бастапқыда хабты мемлекет және жеке инвесторлар қаржыландыра алады, ал кейіннен креативтік экономиканы дамытудың толыққанды институтына айналып, осы таланттармен (роялти, жарнама және т.б.) ынтымақтастықтан алынатын кірістер есебінен жұмыс істей алады. Бұдан басқа, дарынды қазақстандықтарды қолдаудағы жеке бастаманы ынталандыруға, оның ішінде арнайы краудфандинг платформа құру арқылы фискалдық және өзге де шаралар қабылдау жоспарлануда.

Үшінші - креативтік кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар тарту. Экономиканың креативтік саласының экспорттық әлеуетін іске асыру шығармашылық индустрияларды бизнесті қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларына, сондай-ақ дамудың жаңа құралдарын енгізуді талап етеді. Бұл ретте инвестициялар тартуда және креативтік экспортты ынталандыруда алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибе пайдаланылатын болады.

Қазір елімізде Ұлттық киноны дамытудың мемлекеттік орталығы жұмыс істейді. Ол отандық киноленталарды қаржыландырып, сондай-ақ Қазақстанда түсіретін шетелдік киноөндірушілерді субсидиялау жөніндегі оператор.

Креативтік индустрияларды дамыту инфрақұрылымының маңызды құрамдас бөлігі - венчурлік қаржыландыру. Креативтік экономиканың перспективалық жобаларын қолдау мақсатында жеке капиталдың қатысуымен креативтік индустриялардың венчурлік қорын қалыптастыру жоспарлануда.

Айта кететіні, ЮНЕСКО берген есеп бойынша, бұл сала жыл сайын әлемдік ЖІӨ-ге 3% ($2 250 миллиард) үлес қосады және 29,5 миллион жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан