Америкалық «Tyson Foods» компаниясы Қазақстанда ет өндірісімен айналысатын болды

Автор: Azattyq Rýhy

1935 жылы құрылған компанияның қаржы айналымы 42,4 млрд долларды құрайды

primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында америкалық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

А. Маминнің АҚШ-тағы аса ірі ет өнімдерін өндіруші – «Tyson Foods» компаниясының президенті Н.Уайтпен және директорлар кеңесінің төрағасы Д.Тайсонмен келіссөзінің қорытындысы бойынша, Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. 

Бұл құжат бірінші кезеңде ҚР-да қуаттылығы тәулігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салуды қарастырады. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, өнімді шетел нарықтарына экспорттауға мүмкіндік береді, осылайша, елдегі жылдық ауыл шаруашылығы кірісін $1 млрд-тан астамға қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.

«Tyson Foods» - Қазақстанға ет өңдеуді дамытуға және фермерлік шаруашылықтардың мал басын арттыруға серпін беруі үшін қажетті тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі компания. Кәсіпорынды ашу ет индустриясының ғана емес, АӨК-тің басқа да шектес салаларын - ветеринарияны, аграрлық машина жасауды, мал азығы дақылдарын өсіруді, мал бордақылау алаңдарын ашуды т.б. дамуын ынталандыратын болады. Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығында ондаған мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді А. Мамин.

«Tyson Foods» қазақстандық «Kusto Group» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырады. Өндірістік циклде қазақстандық фермерлерге «Экстеншн» американдық қызметінің үлгісі бойынша ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету қолдауы бар, онда кеңес беру, жергілікті жерлерде кадрлардың біліктілігін арттыру және кәсіптік-техникалық оқыту қарастырылған.