$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.03.2021, 13:06
Экономика

Газды ысыраппен пайдаланап жатырмыз, оны жұрт біле ме?

Жағдай осылай жалғаса берсе тариф қымбаттауы мүмкін

Газды ысыраппен пайдаланап жатырмыз, оны жұрт біле ме?

Қазақстанда газ тасымалдауға арналған құбырлардың әбден ескіріп тозуы салдарынан, біз қазір көгілдір отынды ысыраппен пайдаланып жатырмыз. Мұны бұған дейін мұнай-газ саласының мамандары бірнеше рет айтып, биліктің назарын осы проблемаға аударуға тырысқан болатын. Алайда, олар проблеманы шешпек түгілі, шешуге әрекет етіп жатқан жанды көрмегенін айтады. Оған жалғыз себеп – қаржы тапшылығы екен. Енді газ бағасы тұтынушының қалтасына ұрғаны өз алдына, 50-60 жылдан бері қолданстағы құбырлар айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Газ мамандары салада түбегейлі реформа жасап, мәселеге мемлекет тұрғысынан қарамаса, алдағы жылдары жағдай күрделене түсетінін ескертіп жүр. Қазақстан аумағынан өтетін магистральды газ құбырларының ұзындығы 20 мың шақырым болса, оның 21%-ы 50 жыл бұрын, ал 49 %-ы осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын қолданысқа еніп, қайта жаңғырудан өтпеген. Жаңадан салынған магистральдар ұзындығы 10 мың шақырымнан енді асыпты. Ол су жаңа инфрақұрылым өскен сұранысты қанағаттандыруға, яғни саны артқан тұтынушылардың қажетін өтеуге және экспортқа газ айдауға жарап тұр.

«ҚТГ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Сүлеймановтың айтуынша, Қазақстан – Қытай, Бейнеу – Бозой – Шымкент бағытындағы жаңа газ құбырлары көгілдір отынды сыртқа экспорттауға және ішкі нарықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндігі әбден жетеді. Бірақ бұл – елдегі газ желілерінің жалпы жағдайына әсер ете алмайды. Өйткені, жыл өткен сайын құбырлардың ескіруі артып барады.

«Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – қолда бар газ тораптары мен желілерін ұстап тұру және оның өндірістік қабілетін әлсіретіп алмау. Бірақ инфрақұрылымды тездетіп жаңаламай, жағдайды түзету қиын. Біз өзімізге қарасты аумақтардағы құбырларды дефектоскопиялық тексеруден өткізіп жатырмыз. Одан байқағанымыз, негізгі желілердің шіруі және тот басу көрсеткіші жоғары. Апат тәуекелділігін болдырмау үшін жаппай ауыстыру керегін айтудан шаршаған емеспіз. Бүтіндей бір аймақтың отынсыз қалуына соқтырып алмауымыз керек», - дейді Рустам Сүлейманов.

Ұлттық оператор жыл сайын экспортқа жөнелтілетін газдан түсетін милиардтаған теңге қаржыны ішкі нарықтағы тұтыну бағасын арзандату үшін жұмсап отыр. Мұндай жағдайда газ желілерін жаңарту мүмкін емес дейді мамандар.

ГАЗ АРЗАН БОЛҒАН САЙЫН, ЫСЫРАП ТА АРТЫП БАРАДЫ

Қазақстанда соңғы 10 жылда ғана ішкі нарықта табиғи газды падалану көлемі 91%-ға өскен. Ауыл-қалаларға, солтүстікке, жаңа өндіріске деп ұрандата жүріп, көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейін әжептәуір көтердік. Ол үшін мемлекет бюджетінен де, ұлттық компания «ҚазТрансГаздың» бюджетінен де қыруар қаржы жұмсалды. Игілігін көре бастаған жұрт енді тегін берсең де не көмірге, не соляркаға ауысайын деп тұрған жоқ. Тегін демекші, неғұрлым арзан болған сайын сол көгілдір отынды үнемдеу туралы бас қатырмайтын болғанбыз.

Газ бағасының төмендігі ел ішінде ысырапқа да жол беріп отыр. Мысалы, Маңғыстау облысында 1 мың текше метр газдың құны – 9 961 теңге, жер үйі бар абонент бір жылда 6 мың текше метр газ жағады екен. Мамандардың есебінше, бұл тым көп.

Ал, алты ай қыс шыңылтыр аязы бар Қостанай облысында газдың бағасы 135%-ға қымбат. Мұнда 1 мың текше метр газ – 23 405 теңге, яғни 2,5 есеге қымбат деген сөз. Соған қарамай, мұндағы бір үй орташа алғанда бір жылда 3,2 мың текше метр ғана газ тұтынады екен. Яғни, көгілдір отынның арзан болуынан Маңғыстау жұрты ысырапқа жиі жол береді дейді мамандар.

Ал енді газ бағасын сараптап көрелік.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Қазақстанда 1 мың текше метр газ үшін баға $50, ал әлемде газды экспорттау жөнінен бірінші орын алатын Ресей Федерациясында көгілдір отынның 1 мың т.м. – $74. Газдың қоры бойынша көш басында тұрған Ресейде газ бағасы бізге қарағанда 48 пайызға қымбат. Ал осы отынның түрі бойынша қоры көп Өзбекстанда да баға жоғары, дейді мамандар. Бұл елде қарапайым тұтынушы үшін газ арзан болғанымен, заңды тұлғаларға 1 мың текше метрін $94 сатады, бұл біздің елдегі өндіріс ошақтарына беретін бағадан 57 %-ға жоғары болып отыр.

Ал шығыстағы көршіміздің көгілдір отынға деген тұтыну бағасы бізден әлдеқайда жоғары. Қытай компаниялары 1 мың т.м. газды $400 саудалайды, Қазақстаннан 8 есеге жоғары.

Қазақстанның газын Қытайға қымбатқа сатып, одан түскен пайданы ел ішіндегі газ бағасын арзан ұстауға жұмсап келе жатқан мемлекеттің саясаты дұрыс та шығар. Бірақ сол алтынмен пара-пар газды қазақстандықтар тым ысыраппен пайдаланатынын түсінсе ғой...

Мамандардың есептеуі бойынша, егер үй-жайдағы температура 1 градусқа төмендесе, жылу энергиясы шамамен 6%-ға үнемделеді екен. Температураны 24 градустан 20 градусқа дейін төмендеткенде 24% жылу үнемделеді.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Мұнай-газ саласының сарапшысы, «PETROLEUM» журналының бас редакторы Олег Червинский газға тарифті түптің түбінде көтеруге тура келетінін айтады. Бірақ, елдегі жалақы мөлшерін көтермесе, бұл халықтың наразылығын тудыруы мүмкін дейді ол. Оның айтуынша, газ инфрақұрылымын жаңғыртуды мемлекет инвестиция тарту арқылы немесе несие есебінен болса да жүргізуі қажет.

«Мысалы, Польшада халықтың едәуір бөлігі барлық әлеуметтік немесе салықтық ауырпалықты қоспағанда қолына 600-900 АҚШ доллары көлемінде жалақы алады. Бұл елде 1 мың т.м. газ 499 АҚШ долларынан сатылады. Қазақстанда бұл он есе аз, оның құны 45 -50 АҚШ доллары. Бірақ Польшада отбасының табысы белгілі бір деңгейге жетпесе, мемлекет тұрғын үй үшін қала бюджетінен субсидия береді. Ал біздің елде үлкен коттеджі бар ауқатты отбасы да, Алматының шетінде тұратын кедей отбасы үшін де газдың бағасы бірдей. Айналып келгенде, бұл айырмашылықты «ҚазТрансГаз» өтеуге мәжбүр», - дейді О.Червинский.

Қаржыгер әрі экономист Расул Рысмамбетов инфрақұрылымды жаңалау үшін «ҚазТрансГаз» мемлекеттен қарызға болса да қаражат алуы керек деп санайды. Тариф мәселесі әлеуметтік мәселе болғандықтан, оны «ҚазТрансГаз» емес, Үкімет шешуі тиіс деген пікірін айтты қаржыгер.

«ҚазТрансГаз» газ экспортынан түсетін қаржыны желілерді ауыстыруға емес, ішкі нарықтағы арзан бағаны ұстап тұруға жұмсап отыр. Ол көгілдір отынды өндірушілерден доллармен сатып алады. Өндірушілер бағаны әлемдік нарыққа бейімдеп, тасымалдаушы кәсіпорынға қымбат бағамен береді. Бұл шарасыздан туған амал. Себебі ертеректе үкімет негізгі табиғи ресуратсар шығаратын шикізат орындарын шетелдіктерге арзан беруге мәжбүр болды. Ал бүгінгідей қоғам жасыл экономика, баламалы энергия көздері мәселесін күн тәртібіне шығарғанда, газ саласына деген талап та өзгерді. Газды өзіміз де өндіре алатын жағдайға жеттік, бірақ шикізат жоқ. Мысалы мен 2 ірі газ-химиялық жобаның жүзеге аспай қалғанына куә болдым. Себебі оған қажетті шикізат болмай қалды. Сондықтан мемлекет газ саласының операторының дамуына баса назар аударатын күн жетті», - дейді Р.Рысмамбетов.

Күрмеуі қиын мәселенің шетін тарқатып көрдік.

Сарапшылар пікірі мынаған саяды: «Егер Үкімет газбен байланысты инфрақұрылымдық қымбат жобаларды қаржыландыруға қол ұшын созса, қарапайым тұтынушы үшін газ бағасын көтеру күн тәртібінен түсер еді. Нысандарды және газ құбырларын қайта жаңғыртудың орасан шығынан бір компанияның еңсеріп шығарына күмән көп.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары