Шетелдік банктерге Қазақстанда филиалын ашу рәсімі жеңілдетілді
Шетелдік банктер филиалын «бір өтініш» қағидаты бойынша аша алады
Мемлекет басшысы 2 қаңтарда экономикалық өсуді қалпына келтіруге қатысты заңға қол қойды. Қазақстан Республикасының бұған дейін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылдаған міндеттемелеріне сәйкес шетелдік банктер еліміздің аумағында филиалдарын аша алады. Мұны «бір өтініш» қағидатымен істеуге болады.
«ДСҰ қағидаттары мен қағидаларына сәйкес, шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарына тікелей шетелдік филиал ашылған елде қаржы ұйымдарына қолданылатын барлық реттеушілік талаптар қолданылуға тиіс. Бұл қағидаттарға сәйкес, Агенттік ҚР резидент-банкін ашудың қолданыстағы тәртібіне ұқсас, яғни «бір өтініш» қағидаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында ҚР бейрезидент-банктерінің филиалдарын ашу тәртібін әзірледі», - деп атап өтті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Банктерді реттеу департаменті директорының орынбасары Бақытбек Рысымбетов.
«Бір өтініш» қағидаты – бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жиынтығын көздейтін мемлекеттік қызметті көрсету нысаны.
Осылайша, шетелдік банк өтініш негізінде төмендегідей мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ала алады:
- ҚР бейрезидент-банкінің филиалын ашуға рұқсат беру;
- ҚР бейрезидент-банкінің филиалын есептік тіркеу;
- ҚР березидент-банкі филиалының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру;
- банктік және ҚР банк заңнамасында көзделген өзге де операцияларды жүргізуге лицензия беру.
«Қазақстанның нарығына шетелдік банктердің ірі қаржы институттары келуі мүмкін, бұл елге тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етеді, банк нарығында бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді және қаржы секторының және тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының дамуына оң әсер етеді. Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік банктерді және шетелдік капиталды тарту сияқты факт оның тартымдылығын растайды және өсуіне ықпал ететін болады», - деп қорытындылады Рысымбетов.