Қазақстан алтын сатып алу көлемі бойынша әлемдегі ТОП-5 елдің қатарына кірді

Автор: Azattyq Rýhy

Осы жылдың қараша айында елдің алтын қоры 383,3 тоннаға дейін өсті

Фото: ашық дерек көздерден

Жаһандық тұрақсыздық пен әлемдік экономикадағы құлдырауға қарамастан, Қазақстан Республикасының алтын-валюта резерві 2020 жылғы қарашаға қарай 33,6 млрд АҚШ долларын құрап, елеулі өсімді көрсетті. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Алтын-валюта резервінің өсуі алтын портфелінің өсімімен байланысты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 26,9%-ға артып, ақшалай мәнде 23,2 млрд АҚШ долларын құрады. 2015 жылдан бастап елдің резервіндегі алтынның үлесі белсенді өсуде; осы жылдың қазан айында ол резервтің жалпы сомасының 69,1%-ына жетті.

Алтын үлесінің айтарлықтай өсуі ҚР Ұлттық банкінің бағалы металды белсенді сатып алуына және портфельді әртараптандыруына байланысты. Коронавирустық пандемиядан туындаған дағдарыс, сондай-ақ энергия нарығындағы белгісіздік жағдайында алтынға инвестициялар бұрынғыдан да өзекті болып отыр.  Бұл актив тұрақты түрде жоғары өтімді болып қалады, несиелік тәуекелге ие емес және тапшы.

Алтын портфельді төрт негізгі жолмен жақсарта алады:

•    ұзақ мерзімді пайда жасап;
•    әртараптандырушы ретінде әрекет етіп, нарықтық күйзеліс кезінде шығындарды азайтады;
•    кредиттік тәуекелсіз өтімділікті қамтамасыз етеді;
•    портфельдің жалпы тиімділігін жақсартады.

Алтын - маңызды және перспективалы инвестиция, мұны әлемдік инвестициялық сұраныстың айтарлықтай өсімі дәлелдейді: 2001 жылдан 2019 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 14%-ға өсті, ал алтынның бағасы осы кезеңде төрт есе өсті.

Әлемнің көптеген дамыған елдерінде алтын – резервтердің негізгі бөлігі. Мысалы, АҚШ резервтеріндегі алтынның үлесі 79,4% (8,1 мың тонна), Германия – 76,6% (3,4 мың тонна), Италия – 71,1% (2,5 мың тонна), Франция – 66,7% (2,4 мың тонна) құрайды. Бұл елдер – алтын қоры бойынша көшбасшылар.

Қазақстан, өз кезегінде, Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық орталық банкті есепке алмағанда, әлемдегі алтын қоры бойынша 13-ші орында, бұл ретте айта кетерлігі, 2014 жылдың төртінші тоқсанында еліміз тек 23-ші орында болды. Алтынды белсенді сатып алудың арқасында 2014 жылдан бастап ҚР алтын-валюта резервтері 2020 жылғы қарашаға қарай осы бағалы металдың қорын 383,3 тоннаға дейін толықтырылды.

Соңғы бес жылда (2014-2019 жылдары) ҚР Ұлттық банкі жалпы алғанда, 215,2 тоннадан астам алтын сатып алды. Сонымен қатар, осы жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемнің топ-5 елінің қатарына енді. Портфельді алтынның пайдасына әртараптандыру елімізге алтын-валюта резервін сақтап қалуға және ұзақ мерзімді пайда табуға мүмкіндік берді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан