Индустриалды аймақтың 281 га көлемінде ішкі құрылыс жұмыстары басталды
Батыс Қазақстан облысында 10 айдың қорытындысы бойынша инвестиция қоры мен негізгі каптиал 364,6 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәл қазір аймақта 1,9 трлн теңгені құрайтын 25 инвестжоба жүзеге асырылуда. Еліміздегі пандемияға байланысты шектеулер ескеріліп, жекелеген инвестжобалар 2021 жылға шегерілді. Әйтсе де инвестиция тарту жұмыстары жалғаса түспек. Бұл жайлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде баяндады.
«Пандемияның кесірінен кейбір инвестжобалардың мерзімі 2021 жылға қалдырылса да, биыл 19 млрд теңгені құрайтын 10 жоба қарастырылу үстінде. Сондай-ақ жалпы құны 46 млрд теңгені құрайтын, 900 тұрақты жұмыс орнына негізделген 18 жоба инвесторлар кеңесінде мақұлданды. Оның ішінде 4 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Облыс орталығының әр аймағында 3 көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Қосымша сақтау қоры 22 000 тоннаны құрайды. Оның жалпы құны – 10 млрд теңге», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ индустриалды аймақтың 281 га көлемінде ішкі құрылыс жұмыстары басталды. Индустриалды аймаққа инвесторларды тарту және де ішкі инфроқұрылымды жүргізу мақсатында шетелдік «EuralHub» компаниясымен меморандумға қол қойылды.