Қазақстандағы шетелдік компаниялардың ең көбі ресейліктерге тиесілі

Елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың саны артқан

Қазақстандағы шетелдік компаниялардың ең көбі ресейліктерге тиесілі

Күз басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істейтін 21,7 мың компания бар екен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 11,8% (19,4 мың) жоғары. Жұмыс істеп тұрған компаниялардың 97,3%ы шағын, 1,5%-ы орташа, 1,2%-ы ірі компаниялар. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды. 

8,6 мың компания көтерме және бөлшек сауда саласында, 2,2 мыңы құрылыс саласында, 1,6 мыңы кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында жұмыс істейді.

Қазақстандағы шетелдік компаниялардың дені – ресейліктерге тиесілі. Тамыз айының соңындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 7,40 мың ресейлік компания жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі сауда саласында.

Түрік компанияларының саны да аз емес (2,44 мың). Көбінесе түрік компаниялары сауда, құрылыс және өндіріс саласында жұмыс істейді.

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың саны бойынша үздік үштікке Қытай кіреді (1,24 мың кәсіпорын). Оның 1,20 мыңы шағын, 16-сы орташа, 20-сы ірі компаниялар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.