Тоқаевтың жолдауына қатысты Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Оны бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жария етті

Фото: ашық дереккөзден

Руслан Дәленов хабарлағандай, жалпыұлттық жоба  экономиканың 7 негізгі қағидатына негізделген және 10 бағыт бойынша 143 іс-шарадан тұрады.

«Бірінші бағыт -  «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі». Екінші -  «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму». Үшінші бағыт -  «Теңгерімді аумақтық даму». Төртінші бағыт - «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық». Бесінші бағыт -  «Қолжетімді әрі сапалы білім». Алтыншы бағыт -  «Денсаулық сақтау саласын дамыту». Жетінші бағыт -  «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау. Сегізінші - «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» бағыты. Тоғызыншы - «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі». Оныншы бағыт -  «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы», - деді он бағытқа қысқаша тоқталған Дәленов.

Жалпы, Ұлттық экономика министрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді және сапалы іске асыру үшін Премьер-министр орынбасарларының жетекшілігімен 11 жұмыс тобы құрылады деп хабарлады.

«Жалпыұлттық жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде уақтылы орындауды қамтамасыз етуге  арналған барлық қажетті қаражат пен тетік бар», - деп сендірді Руслан Дәленов.

Министрлер кабинетінің мүшелері жалпыұлттық жоспардың жобасын қолдап, дауыс берді және тиісті жарлық қабылдап, құжатты жоғары органдардың қарауына жіберді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді және сапалы іске асыру үшін Премьер-министр орынбасарларының жетекшілігімен 11 жұмыс тобын құра отырып, жобалық тәсілді қолдану ұсынылады.

Жалпыұлттық жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде уақтылы орындауды қамтамасыз етуге  арналған барлық қажетті ресурстар мен тетіктер бар.