Қазақстан биыл шетелден 95 мың бас ірі қара сатып алады
Елде асылтұқымды мал басының үлесі 12 пайызды құрады
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биыл елімізге 95 мың бас етті және сүтті ірі қара мал әкелу жоспарланған. Осы жылдың бірінші жартысында елге 22 мың бас мал әкелу үшін қаржы бөлінді, 10 мың мал жеткізілді, деп хабарлайды Айқын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, шетелден ІҚМ әкелу есебінен бүгінгі таңда асылтұқымды мал басының үлесі едәуір өсіп, 12 пайызды құрады. Соңғы жылдары ет бағытындағы асылтұқымды бұқаларды қолдану арқылы ІҚМ басын асылдандыру бағдарламасына қатысатын шаруашылықтар көбейген.
«2014 жылдан бері мұндай шаруа қожалықтарының саны үш есеге артып, 20,6 мыңға жетті. 1,1 миллион бастан асатын мал немесе ірі қара малдың 33 пайызының тұқымы түрлендірілген. Сүт шаруашылығы саласында импорт алмастыру мақсатында сүт фермалары желісін құру және кеңейту қолға алынған. Былтыр қуаты 40 мың тонна болатын 8 өндірістік және 14 отбасылық ферма іске қосылды. Нәтижесінде, өңделген сүтті 5 жылда 500 мың тоннаға көбейту арқылы импорт алмастыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр екен. Биыл алғашқы алты айда 6 ірі тауарлары сүт фермасы пайдалануға берілді, онда жалпы саны 4 мыңға жуық сиыр бар. Жыл соңына дейін тағы 16 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген»,- делінген мақалада.