Қарағанды облысында жылына 1200 автобус шығаратын зауыт іске қосылады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде 12 мыңнан астам автобустың тозығы жеткен

Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong жолаушылар автобусын шығаратын жаңа зауыт ашылады. Бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында жұмыс істейтін кәсіпорын өз өндірісін ағымдағы жылдың желтоқсан айында іске қоспақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоба операторы «Qaztehna» ЖШС, «Сарыарқа «ӘКК» АҚ және Yutong компаниясының қатысуымен бірлескен кәсіпорын құрылды. Инвестиция көлемі 37,7 млн АҚШ долларын құрады.

Зауыт жылына шамамен, 1200 бірлік автобус шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бірінші кезеңде тозығы жеткен қоғамдық көлік паркінің жағдайына айтарлықтай әсер етуге мүмкіндік береді.

Сарапшылардың мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздегі 12 мыңнан астам автобустың тозығы жеткен, олардың 50 пайыздан астамы тіптен ескірген.

Yutong – әлемдегі ірі жолаушы техникасын жеткізушілердің бірі, ол әлемдік нарық үлесінің 15%-ын және Қытай нарығы үлесінің 37%-ын құрайды. Yutong автобустарының жылдық сатылымы 70 000 бірлікке тең, ал жаңа энергетикалық автобустардың көрсеткіштері жылына 25 000 бірлікке тең.

Бұдан бөлек, Саран қаласындағы зауыт жол-құрылыс және жүк техникасын шығармақ. Өнім бағыттары Қазақстанның өнеркәсіптік және тау-кен өндіруші компаниялары арасында үлкен сұранысқа жауап береді. Ең жоғарғы жүктеме кезінде зауыттың өндірістік қуаты олардың толық қажеттілігін қанағаттандыра алады. Жалпы, жылына 400 бірлік арнайы техника шығару жоспарланған.

Индустриялық аймақ аумағында жобаларды іске қосу отандық мамандар үшін 600 жаңа жұмыс орнын (аралас салаларды ескере отырып) құруға мүмкіндік береді.

Біздің елімізді қамтумен қатар, Қарағанды зауыты Ресейге, Қырғызстанға, Иранға, Пәкістанға және басқа да елдерге өнім экспорттауды көздеп отыр.