Тәулігіне 9,06 млн.баррельге әлемдік сұраныстың төмендеуі күтілуде
ОПЕК бірқатар елдердегі экономикалық белсенділіктің баяулауына байланысты 2020 жылы мұнайға жаһандық сұраныстың тәулігіне шамамен 100 мың баррельге төмендеуі туралы болжамды нашарлатты, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Осылайша, ОПЕК ағымдағы жылы тәулігіне 9,06 млн. баррельге әлемдік сұраныстың төмендеуін күтуде (шілдедегі есепте болжам тәулігіне 8,95 млн. баррель деңгейінде болды), бұл ұйымның тамыз айындағы есебінде көрсетілген. ОПЕК бағалауы бойынша, әлемдегі мұнайға деген сұраныс 2020 жылы тәулігіне 90,63 млн. баррельді құрайды.
Сонымен бірге, 2021 жылы ОПЕК мұнайға әлемдік сұраныстың тәулігіне 7 миллион баррельге өсуін болжайды. Яғни, тәулігіне 97,6 миллион баррельге дейін өсім күтілуде. Өйткені, ОПЕК коронавирус келер жылы локализацияланып, әлемдік экономикаға биылғыдай жойқын әсер етпейді деп күтеді. Дегенмен, әлемдік экономика қалпына келе бастағанына қарамастан, ОПЕК келесі жылы отынға деген сұраныс пандемияға дейінгі кезеңдегідей жоғары болмайтынын айтады. Бұл еңбек нарығының өзгеруіне және қашықтықтан жұмыс істеу тәжірибесінің таралуына байланысты дейді мамандар.